Алматыда аутист балаларды Томатис терапиясымен емдей бастады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда аутист балаларды Томатис терапиясымен емдей бастады

15.04.2019

«Аутизмді жеңеміз!» орталығы қазір осы тәсіл бойынша жұмыс істеп жатыр. Мамандардың айтуынша, бұл әдіс балалардың тілін дамытып, мидың жұмысын жақсартуға өте пайдалы. Сонымен, Томатис тәсілінің өзге әдістерден ерекшелігі қандай?

Томатис терапиясы - аудио-вокалдық жаттығу әдісі. Бұл баланың есту, түсіну, ойлау қабілеттерін жетілдіреді. Өйткені мына құлаққап арқылы балалар аналарының дауысын естиді. Ерекшелігі сол, дауыс арнайы аппаратпен өңделген. Яғни, әр бала анасының дауысын құрсақта жатқанда қалай сезсе, қазір де солай сезінеді.

Салтанат Көбеева,  «Аутизмді жеңеміз!» орталығының психологы:

Анасы балаға құлаққап кигізіп, ертегі оқып отырады. Өзінің дауысымен. Сол дауысты жазып, бала құрсақта жатқанда еститін анасының дауысына ұқсас болсын деп осы аппаратураға саламыз. Өйткені, бала құрсақта судың ішінде жатады ғой, демек, дауыс басқаша естіледі. Бұл тәсіл балаға құрсақта жатқандағыдай естіледі.

Томатис терапиясы 1973 жылы Бельгияда пайда болған. Алғашында бұл тәсілге ешкім сенбесе де, қазір ғылыми тұрғыда дәлелденген. Мысалы, соңғы 50 жылда Бельгияда аутизмге шалдыққан 33 мың бала мен 15 мың ересек адамның жағдайы осы тәсілмен емделгеннен кейін әлдеқайда жақсарған.

Джозеф Иорфорт, Mozart-Brain-Lab орталығының профессоры:

- Аутист балалар естіген ақпаратты қабылдап, қорытуда көп қиналады. Ал, Томатис терапиясының арқасында сөзді қабылдау және түсіну процесін жетілдіруге болады. Бұл бірнеше жыл бойы жүргізілген зерттеулер нәтижесінде анықталып отыр.

Томатис терапиясын толыққанды меңгеру үшін аталған орталық мамандары Бельгияда оқып, тәжірибеден өткен. Өйткені қазір аутизм - ең өзекті мәселелердің бірі. Мысалы, 1975 жылы 5 мың баланың біреуі ғана ауырса, қазір 50 баланың екеуі осы дертке шалдығады.

Аманкелді СЕЙІТХАН

Хабарламаларға жазылу