Қазақстанның 11 өңірінде науқастар өздеріне тиісті дәрі-дәрмекті алмаған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстанның 11 өңірінде науқастар өздеріне тиісті дәрі-дәрмекті алмаған

08.04.2019

Бұл туралы баспасөз мәслихатында Денсаулық сақтау министрлігі Фармация комитетінің төрайымы мәлімдеді. Оның сөзінше, 2016-2017 жылдары құны 4,3 миллиард теңге болатын дәрі-дәрмек пайдаланылмай қалғаны анықталған. Дегенмен, бірыңғай ақпараттық жүйеде емдік препараттар науқастарға берілгені көрсетіліпті. Мониторингтік топтың осы мәліметі Бас Прокуратураға жіберілді. Тексеру нәтижесі бойынша 20-дан аса қылмыстық іс қозғалған. Алайда, министрлік өкілдері, биыл мұндай олқылықтарға жол бермейтінін айтып отыр.

Берік Шәріп, «СҚ-Фармация» ЖШС басқарма төрағасының міндетін атқарушы:

- Жылдың алғашқы 3 айының ішінде біз бүкіл өңірге 33,5 миллиард теңгеге дәрі-дәрмекті жеткіздік. Қазіргі таңда дәрі-дәрмектің қамтамасыз ету ақпараттық жүйесінің дерегі бойынша, жылдың басынан бастап 2,1 миллион рецепт науқастардың қолына берілді.

Фармация комитетінің мамандары жақсы жаңалықпен де бөлісті. Маусымнан бастап дәрі бағасы реттеліп, барлық жерде бірдей болады. Бұл туралы заң нормасы 9 сәуірде күшіне енеді. Дәрі-дәрмектің құны шамамен мамыр айында бекітілмек. Содан кейін Денсаулық сақтау министрлігінің ресми интернет-ресурстарында орналастырылады. Сондай-ақ, науқастарды алаяқтықтан қорғау үшін препараттардың қанша тұратыны көрсетілген мобильдік қосымша да шығарылған. Оны ғаламтордан жүктеп алуға болады.

Фариза МҰСАҚЫЗЫ

 

Хабарламаларға жазылу