Елімізде 4 мыңнан астам науқас өздеріне тиесілі тегін дәрі-дәрмекті алмаған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде 4 мыңнан астам науқас өздеріне тиесілі тегін дәрі-дәрмекті алмаған

31.07.2019

Елімізде төрт мыңнан астам науқас өздеріне тиесілі тегін дәрі-дәрмекті алмаған.  Бұл мәліметтерді құзырлы  мекемелер сауалнама жүргізу арқылы анықтады.  Сауалнама нәтижесінде республикадағы ондаған медициналық мекеме науқастарға дәрі-дәрмекті дұрыс үлестірмегені, кейбір пациенттердің диспансерлік есепке алынбағаны белгілі болды. Бұл деректер Денсаулық сақтау министрлігіне берілген.

 

Гүлжазира Ғалиқызы, тілші:

Тегін дәрі-дәрмекті алған –алмағанын білу үшін мамандар 1 миллионнан астам адамға СМС-хабарлама жіберген. Одан 27 мыңнан астам жауап келген. Анықталғаны, 4137 адам тегін дәрі алмаған. Оның 406-і түркістандық. 

 

СМС сауалнамада рецепт нөмірі мен дәрінің берілген күні жазылады.  Тиісті дәрісі қолына тимегендер 0 санын жолдайды. Болмаса, 1439 нөміріне қоңырау шалуы тиіс. Ал Бақтагүл Бариковаға мұндай хабарлама мүлде келмепті. Оны телефон нөмірін сан мәрте ауыстырғанымен байланыстырады. 15 жасынан эпилепсиямен ауырады. Созылмалы кеселімен 40 жыл күресіп келе жатқан әйелге тегін дәрі ауадай қажет.

 

Ақтагүл Барикова, пациент:

40 жылдан бері қабылдап келемін. Наурыздан бастап тоқтаттым. Гипофин қабылдап жатырмын.

Беріп жатыр ма?

 –Беріп жатыр! Береді. Бермесіне қоймаймын.

 

Кардиолог Нигора Раушанова күніне 40 шақты науқасты қарайды.  Жүрек, қан тамыр аурулары бойынша, диспансерлік есепте тұрған 300 адамы тағы бар. Оның 150 жуығына тегін дәрі жазады.

 

Осыншама дәріні Әбдіғаппар Иманқожаев тегін алып жүргеніне 12 жыл. Дертке дауа, жүрекке шипа болған соң, ішпеске амалы жоқ. «Сатып алар болсам, шашымның түгі жетпес еді»,- дейді. 

 

Әбдіғаппар Иманқожаев:

Компьютерлік томографияны қалтамыз көтермейді. Соны екінші топ инвалидтерге тегін беріп жатыр. Ол да біздің қалтамызға үнем.

 

Жалпы, Түркістан облысы бойынша Әбдіғаппар секілді тегін дәрі  алатындар саны 96 888 . Биылдың өзінде оларға 1 миллиард 368 миллион теңгенің дәрі-дәрмегі берілген. Биыл Медициналық Сақтандыру Қоры  мен  «СК-Фармация»  арасындағы  келісім құны  86,9 миллиард теңге болды.

 

Асхат Бейсенбаев, «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» облыстық филиалының директоры:

406 шағымды зерделей келе 398 адам мүлде дәрі алмаған, 1 азамат жыл басынан бері берілетін дәрінің тек жартысын алған. Ал 7 адам мүлде диспансерлік есепке тұрмағаны анықталды.

 

СМС сауалнамаға Қызылорда, Маңғыстау, ШҚО, Алматы, Түркістан облысы тұрғындары белсенді қатысқан. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры жүргізген мониторинг қорытындысы-  осы өңірлердегі 10 медициналық мекеменің «ісі мен сөзі» сай келмейтінін көрсеткен. 

 

Гүлжазира ҒАЛИҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу