Елімізде тегін дәрі-дәрмек алды деп тіркелгендердің 20 пайызы дәрісін мүлдем алмаған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде тегін дәрі-дәрмек алды деп тіркелгендердің 20 пайызы дәрісін мүлдем алмаған

28.02.2018

Медициналық базада тегін дәрі-дәрмек алды деп тіркелген қазақстандықтардың 20 пайызы дәрісін мүлдем алмаған. Сондай-ақ, науқастардың 18 пайызы қажетті препараттарына толық қол жеткізе алмай отыр. Бұл - адамдардың 2 айлық қажеттілігі. Бұл туралы бүгін Денсаулық сақтау министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында Елжан Біртанов айтты. Оның сөзінше, осы мәселе үлкен тексерісті қажет етеді. Әсіресе, Астана, Алматы және Маңғыстау облыстарында бақылауды күшейту керек. «Бүгінде елімізде 2,5 миллион науқас тіркелген. Осы мәселені шешу үшін кері байланыс орнатқан маңызды», - дейді министр.

Елжан Біртанов, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

- Үкіметтің бюджетінен, салық төлегендердің есебінен жұмсалған ақшаның біреудің қалтасына кетуіне жол бермейміз. Алдағы уақытта науқастар дәрі-дәрмекті алғаны жөнінде есеп беруі керек. Ұялы телефондары арқылы хабарлама жазатындай пилоттық жоба енгізбекпіз.

Жалпы, өткен жылы денсаулық сақтау саласына Үкіметтен 91,4 миллиард инвестиция құйылған. Былтыр 11 миллион адам медициналық скринингтен өткен. Соның нәтижесінде 806 мың науқас анықталып, 370 мың адам диспансерлік бақылауға алынды. Сондай-ақ, отандық фармацевтикалық өндірушілердің үлесі 42 пайызға жеткен.

 

Фариза МҰСАҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу