Түркістан облысындағы шалғай жатқан ауылдарда медицина тіректері ашылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан облысындағы шалғай жатқан ауылдарда медицина тіректері ашылды

21.01.2019

Түркістан облысы Сарыағаш ауданында орталықтан шалғай жатқан 4 ауылға медициналық пункт салынды. Осының арқасында енді бұл ауылдың тұрғындары ауырып қалған баласын арқалап, ересегін жетектеп бұрынғыдай орталыққа сабылмайтын болды. Жаңадан ашылған емдеу орындарында науқастарға алғашқы медициналық көмек көрсетуге толық жағдай жасалып отыр.  

Медициналық пункт бес бөлмелі. Ауру түрі мен оған жасалатын емдік шаралар үшін арнайы  бөлмелер жабдықталған. Мұнда бір дәрігер мен медбике жұмыс істейді.

Жадыра Сүлейменова, ауылдық дәрігерлік емхананың бас дәрігері:

- Бір дәрігер болады. Ол келген науқастарды көріп, ем-дом жасайды. Науқастарға үш мезгіл  салынатын егулер болады. Ол да бізге қиындық туғызатын еді. Осы жерде мейірбике дәрі егеді. Балаларға егу жұмысын жүргіземіз. Әйелдерге акушерлік көмек көрсетеміз.

«Таскескенде» бүгінгі таңда 1500-дей тұрғын бар. Емдеу орны ашыла салысымен, дәрігерлерден  дертіне дауа іздеп келгеннің бірі Жолдас болды. 4 жылдан бері  дәрігерлік есепте тұрады. Жасы ұлғайғалы қан қысымы көтеріліп, жиі мазалайтын болған.

Жолдас Әділов, Таскескен ауылының тұрғыны:

- Ауылға емхана салынып,  қуанып отырмыз. Ұзақ жолымыз қысқарды. Жақын жер. Үйден шығып, жаяу келіп еміңді, дәрілеріңді алып кете бересің.

Былтыр Сарыағаштағы 13 ауылда тап осындай медицина тірегі ашылды. Сондай-ақ, жүрек-қан тамырлары дертін ауыздықтау мақсатында инсульт орталығы  жасақталды. Дәрігерлердің біліктілік тәжірибелері арттырылды. Осындай кешенді жұмыстар нәтижесінде кейінгі кездері белең алып кеткен ауру түрлеріне шалдығатындар саны азайды.

Бақыт Мырзалиев, Сарыағаш аудандық орталық ауруханасы бас дәрігері:

- Бала өлімі өткен жылмен салыстырғанда 1,2 промиллеге азайды. Қатерлі  ісік көрсеткішіміз де бір деңгейде, туберкулез 2 есеге азайды. Сонымен қатар, жүрек-қан тамырлары ауруы да өз деңгейінде. 

Сарыағашта медициналық қызмет сапасын жақсарту үшін биыл тағы 12 медициналық тірек, 8 фельдшерлік-акушерлік пункт пен 2 дәрігерлік амбулаторияның құрылысы басталды. Бейінді мамандықтағы дәрігерлер тапшылығын болдырмау мақсатында орталық емханада осы мамандарды оқыту, біліктілігін арттыру ісі қолға алынды.

Ғани ҚАЛМАХАНОВ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу