Қазақстанда өндірілген инсулиннің Ташкент дәріханаларында сатылып жатқаны рас па? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстанда өндірілген инсулиннің Ташкент дәріханаларында сатылып жатқаны рас па?

16.01.2019

Елімізде инсулинге тәуелді науқас көп. Алайда, тегін таратылатын бұл препарат кейде уақытылы келмей қалып, адамдар әуреге түсіп жатады. Көп адамның қолы жетпей жүрген осы қазақстандық инсулин Өзбекстанда еркін сатылып жатыр деген ақпарат шықты бүгін. Бұл хабарды өзбекстандық журналистер «Құқықтық медиа орталығы» қоғамдық қорына хабарлаған. Қазақша таңбаланған препараттар Ташкент дәріханаларында арзанға саудаланып жатыр. Қазақстандық қант диабетіне шалдыққан науқастарға тегін таратылатын инсулин көрші елдің нарығына қалай тап болды?

Бұл – өмірі инсулинге тәуелді балалардың әке-шешелері. Былтыр жыл басында Қазақстанда қант диабетіне шалдыққандарға тегін дәрі жетпей, көпшілік шарасыз күйге түскен-тін. Елімізде бұл ауруға шалдыққандардың жалпы саны 300 мыңнан асса, соның 2,5 мыңы - бала.

Лейла Жұбандықова, ҚР Диабет қауымдастығының президенті:

- Қант диабетімен ауыратындар жыл сайын 7-8 пайызға өсіп отыр. Кей кезде тиісті дәрі-дәрмек жеткізілмей қалады. Нақтырақ айтқанда, дер кезінде бөлінбейді. Былтыр, инсулиндер қоймаға уақытында түсті, бірақ, емханалардағы дәріханаларға кеш жетті. Салдарынан инсулинге тәуелділер қиналып қалды.

Қазақстандықтардың қолы жетпей жүрген біздің препараттар Ташкент нарығында еркін сатылып жатыр деген ақпарат шықты бүгін. Бағасы да су тегін. Дәріханаларда бір щприц-инсулин 60 000 сум, бір қорабы 300 000 сумға сатылған. Яғни, көтерме бағадан да арзан. Ал, бізде бір қораптың бағасы 20 мың теңге. Жергілікті журналистердің күдігіне іліккені де - осы.

Көрші елдің нарығын жаулаған өнімнің сауда таңбасы қазақ тілінде жазылған деген ақпарат бар. Препараттар шынымен бізге тиесілі болса, ол қайдан, қалай шығып кетті деген заңды сұрақ туындайды. Бұл ретте жауапты мекеме тұшымды жауап бермеді.

Мұндай сыбыс Денсаулық сақтау министрлігіне былтыр жетіпті. Бірден Өзбекстанның құзыретті органдарына хабарланған. Тексеріс басталған. Анық-қанығы осы айдың соңында жарияланбақ. Бұл уақытта біздің редакцияға өзбекстандық әріптестерімізден дау тудырған препараттардың Қазақстаннан келмегені туралы ақпарат жетті. Шын-өтірігі белгісіз.

Армангүл ТОҚТАМҰРАТ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу