Түркістан облысында онкологиялық орталық ашылды

04.01.2019

Қатерлі ісік аурулары диспансері дербес қала мәртебесіне ие болған Шымкент шаһарының еншісінде қалып кеткендіктен, Түркістан облысында жаңа онкологиялық орталық жасақталды. Оның құрамында тәулігіне 230 науқасты тексеріп, медициналық кеңес беретін емхана және 90 науқастың жатып ем алуына болатын аурухана жұмыс істейді. Заманауи озық құралдармен жабдықталған орталықта химиятерапиялық ем түрлері, ісіктің таралуын диагностикалау, сүйек пен жұмсақ тіндердің ісіктерін емдеудің заманауи әдістері қолданылады.

Светлана былтырдан бері сүт безінің қатерлі ісігіне қарсы химиятерапиялық ем қабылдап жүр. Енді ол бұрынғыдай Шымкент қаласындағы диспансерге емес, облыстық емханаға келетін болды. Мұнда консультациялық қабылдаудан бөлек, амбулаториялық жағдайда химио-гормон және таргеттік терапия да қоса жүргізіледі.

Светлана Қуатова, ем алушы:

- Ауырып келеміз, химия қабылдаған соң, бізге оңай болмайды. Кезекте қиналып тұрады. Сондықтан, облыс пен қаланы бөлгені бізге жеңіл болды.

Өңірде бүгінде Светлана секілді қатерлі ісік дертіне шалдыққан 7 800 адам дәрігерлік есепте тұр. Емханадағы жаңа компьютерлік тамография, ангиограф секілді қондырғылар енді ауру белгілерін ерте анықтауға мүмкіндік бермек. Олардың көмегімен санаулы секундтарда ағзаның жай-күйі толық тексеріліп, он екі мүшедегі өзгерістер бірден мәлім болады.

Қарлығаш Омарова, химиотерапевт:

- Ангиограф арқылы науқастарға әрі қарай емнің эмболизация түрін жүргізуге мүмкіндік бар. Тамырішілік химиятерапияны жүргізуге болады. Ол мына сүйектің, жұмсақ тіндердің қатерлі ісіктерінде қолданылады.

Сондай-ақ, клиникалық орталық аурухана жанынан 90 төсек орындық стационарлық ем қабылдау бөлімшесі де жұмыс істей бастады. Аурухана көп бейінді болғандықтан, науқас мұнда кешенді ем қабылдайды.

Мұқан Егізбаев, облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

- Ауданнан келген онкологиялық аурулардың барлығы бір жерде тіркеуде болуы керек. Түсініксіз аурулардың бәріне диагноз қойып беру керек. Сол кезде аурудың алдын алуға болады. Әрі қарай асқынуына жол бермейді.

Орталықта цитологиялық және морфологиялық, клиникалық және биохимиялық зертхана жұмыс істейді. Олардың көмегімен аурудың бет алысын бақылауға, жүргізілген ем әсерін дұрыс бағамдауға толық мүмкіндік бар.

Ғани ҚАЛМАХАН

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу