Еуразиялық экономикалық одақ Қазақстан мен Ресей арасында ынтымақтастықты нығайтуға оң әсерін тигізуде - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Еуразиялық экономикалық одақ Қазақстан мен Ресей арасында ынтымақтастықты нығайтуға оң әсерін тигізуде

03.04.2015
Еуразиялық экономикалық одақ Қазақстан мен Ресей арасында ынтымақтастықты нығайтуға оң әсерін тигізуде

Еуразиялық экономикалық одақ Қазақстан мен Ресей арасында бұрыннан қалыптасып, осы уақытқа дейін жалғасып келе жатқан ынтымақтастықты одан ары нығайтуға оң әсерін тигізіп отыр.

Екі елдің кәсіпорындары мен кәсіпкерлері өнеркәсіпті өркендетіп, сауда-экономикалық байланыстарды күшейтуге мол мүмкіндік алды.

Бұл туралы бүгін біріңғай экономикалық кеңістік тақырыбы бойынша өткен баспасөз брифингінде Новосібір облысының губернаторы Владимир Городецкий мәлімдеді.

«Кедендік одақ және бірыңғай экономикалық кеңістік, табыстың көзі бірлесе дамуда екенін көрсетіп берді. Бүгінде интеграцияның игілігін ірі кәсіпорындар, кәсіпкерлер, қарапайым тұрғындар да көріп отыр», деді губернатор.

Ресейдің Новосібір өңірі Қазақстанның Павлодар облысымен шекаралас жатса да, еліміздің көптеген аймақтарымен тығыз байланыс орнатқан.

Владимир Городецкий, Новосібір облысының губернаторы:

Кедендік одақ құрылған жылы Новосібір облысының Қазақстанмен өзара сауда айналымы бірден 60 пайызға артты. Біріңғай Еуразиялық экономикалық кеңістіктің пайда болғанын екі ел арасындағы интеграцияның келесі, бір сатыға көтерілген кезеңі деп айтар едім.

Новосібір облысы, Павлодардан бөлек, Қарағанды және Солтүстік Қазақстанмен тығыз қарым-қатынас орнатқан. Бұл өңірден біздің елге негізінен тау-кен әрі машина жасау саласына қажетті қондырғылар импортталады.

Бұдан бөлек, ауыл шаруашылығы техникасы, дәрі-дәрмек, азық-түлік жеткізіледі. Ал Қазақстаннан жеміс-жидек, химия өнеркәсібінің өнімдерін, сонымен қатар басқа да көптеген тауарларды сатып алады.

Владимир Городецкий, Новосібір облысының губернаторы:

Біздің облыс шекаралық ынтымақтастықты дамыту бойынша федералды және өңірлік бағдарламаларды жүзеге асыруға белсенді қатысады. Бұдан бөлек, осыдан бірнеше жыл бұрын облыстық концепцияны да бекіткенбіз. Ол құжатта 2025 жылға дейін шекаралық ықпалдастықты нығайтудың түрлі тетіктері нақты жазылған.

Губернатордың айтуынша, осы жылдың басынан бері Новосібір облысының Қазақстанмен барлық салада байланысы жаңа қарқын алды.

Әсіресе, қос елдің кәсіпкерлері бір-бірімен бәсекелесіп қана қоймай, өзара өндірістік кооперацияны нығайтып, бірлесе жұмыс істеуге көшкен. Бұның барлығы интеграцияның арқасы, деп түйіндеді ресейлік өңір басшысы.

 

Берік КӨШЕРБАЕВ

 

Хабарламаларға жазылу