Денсаулық сақтау саласы жұмысының нәтижесі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Денсаулық сақтау саласы жұмысының нәтижесі

23.02.2018

Бүгін қалалық Денсаулық сақтау басқармасы өткен жылғы жұмысын қорытындылады. Алқа отырысына қатысқан министр Елжан Біртанов пен қала әкімі Әсет Исекешев медицинадағы бірқатар түйткілді мәселелерді талқылап, былтыр атқарылған жұмыстардың нәтижесімен бөлісті.

Астана қалалық Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, өткен жылы 197 мың науқас ем қабылдаған. 55 мың адамға операция жасалған. Былтыр елордада 27 мыңнан аса сәби дүниеге келсе, 531 мың адамға жедел медициналық көмек көрсетілген.  Сондай-ақ, тегін дәрі-дәрмекпен қамтылғандар саны 100 мыңнан асқан.

Жиынға қатысқан министр Біртановтың сөзінше, былтыр бюджеттен осы мақсатқа 128 миллиард теңге бөлінген. Алайда, азаматтарды дәрімен толық қамту үшін бұл қаражат жеткіліксіз, әлі де 60 миллиард теңге қажет. Сол үшін де халық наразылығы туындаған. Түйткілді мәселенің өзге де себептері бар.

Елжан Біртанов, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

-Мәселен, базада дәрі-дәрмекпен қамтылды деп көрсетілген 500-дей адамға хабарласып көрдік. Азаматттар арасында дәріні алмағандары анықталды. Сонда жағдайдың қалай болғаны? Бөлінген қаржы немесе дәрінің өзі қайда кетті?

Бұл мәселе жыл сайын айтылып келеді. Елжан Біртановтың айтуынша, оны шешу үшін отандық фармацевтикалық өндірушілердің санын арттыру қажет. Өйткені, өзіміздегі өнімнің бағасы арзан. Дегенмен де, мекеме басшысы ақпан айының соңына дейін науқастар толығымен дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етіледі,- деп отыр.

Отырысқа қатысқан елорда әкімі Әсет Исекешев болса, салаға барынша қолдау білдіретінін жеткізді.

Әсет Исекешев, қала әкімі:

-Қала бойынша медициналық 275 мекеме тіркелген. Оның 54-і мемлекеттік. 2017 жылы 49 жедел жәрдем көлігі сатып алынды. Сондай-ақ, медициналық мекемелерді цифрландыруға бірқатар жұмыс жүргізіліп жатыр.  Осы жылдың 1 қыркүйегіне дейін жергілікті медициналық мекемелерге ақпараттық жүйені енгізіп бітіреміз.

Жиында медицинаның өткен жылғы қорытындысы бойынша оң көрсеткіштер де аталды.

Мәселен, жалпы өлім көрсеткіші 9,4 пайызға төмендеген. Сондай-ақ, ана өлімі 33,6, сәби өлімі 5,2 пайызға азайған. Бұдан өзге, қатерлі ісік ауруларынан қайтыс болатындар саны 10 пайызға төмендесе, жүректің инфаркт миокарды дертінен өлім көрсеткіші 36,4 пайызға түскен.

Фариза МҰСАҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу