2020 жылға дейін денсаулық сақтау саласы қағазбастылықтан толық арылады

19.02.2018

Отандық медицинаны тағы бір реформа күтіп тұр. Биылдан бастап бұл сала электронды форматқа ауысады. Яғни, дәрігерлер қағазбастылықтан құтылып, қызмет көрсету сапасы артпақ. Осыған қатысты пилоттық жоба Ақмола, Қостанай және Батыс Қазақстан облыстарында жүзеге асырылып жатыр. Алайда, кей өңірлердің медициналық мекемелері цифрландырылуға әзір емес. Себебі, аймақтың ауруханалары интернет түгіл, компьютерлермен де толық жабдықталмаған.

Аяулым бір айдан бері Астанадағы ауруханалардың табалдырығын тоздырып жүр. Бауыры ауырып, денсаулығы сыр бергендіктен, тексеріс ұзаққа созылыпты. Сәйкесінше, сол уақыттан бері медициналық картасының іші түрлі талдау сараптамасы қағаздарымен толған.

Биылдан бастап 4 өңірде медициналық мекемелер қағаздан құтылып, электронды форматқа ауысты. Сондықтан, оралдықтар Аяулым сияқты қағазбастылықтан қажып жүрген жоқ. Пилоттық жоба аясында №3 аурухананың өзінде 45 мың науқастың картасы электрондық форматқа ауыстырылған. Яғни, көрсетілген қызмет, дәрігердің рецепті, бір сөзбен айтқанда, науқастың тарихы компьютерде сақтаулы тұрады. Наурыз айында қаладағы бүкіл аурухана осындай жаңа жүйеге көшпек.

Нұрбану Сыздықова, №3 қалалық емхана дәрігері:

- Науқастарға басында ыңғайсыз болды. Картаға үйреніп қалған. Біздің картамыз қайда, анализімізді көре алмаймыз деп шағым айтатын. Қазір ондай жоқ.

Негізі бұл реформаны бастау туралы 10 жыл бұрын айтылған. Бірақ, оған әлі күнге дейін толық жете алмай келеміз, кедергі көп. Себептің бірі – интернеттің қолжетімсіздігі.

Мәселен, медициналық мекемелерде ақпараттық жүйенің енгізілуіне тоқталсақ, ШҚО – 21%, Ақтөбе облысында  - 37%, Астанада -31%. Ал, олардың  интернетпен қамтылуы СҚО -14%, Ақмола облысында -24%, Қостанай облысында - 29%.

Денсаулық сақтау саласын сандық форматқа ауыстыру – заман талабы. 2020 жылға дейін денсаулық сақтау саласы қағазбастылықтан толық арылады. Тіпті, еңбекке жарамсыздық парағын қазақстандықтар электронды үкімет порталы арқылы алатын болады.

Фариза МҰСАҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу