Медициналық мекемелер қағазбастылықтан арылады

08.12.2017

2019 жылдан бастап медициналық құжаттар жаппай электронды форматта жүргізіледі. Бұл туралы бүгін Денсаулық сақтау министрлігінің жылды қорытындылау жиынында белгілі болды. Яғни, алдағы бір екі-жылда амбулаторлық карталар, ауру тарихы және дәрілік жазбалар электронды жүйеде болады. Қазір денсаулық сақтау мекемелерінің 78 пайызы компьютермен жабдықталған. Келер жылдың соңына дейін шалғай ауылдардағы медициналық мекемелердің барлығына интернет желісі тартылады. Бұл жөнінде жергілікті билік өкілдерімен келісім де жасалған. Жылды қорытындылаған басқосуда бұдан өзге мемлекеттік бағдарлама, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, медициналық қызметтің бәсекеге қабілеттілігі тақырыптары бойынша есептер тыңдалды. 

Елжан Біртанов, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

- Егер медициналық ұйымның әлеуметтік парақшасына тұрғындар қандай да бір сауал жолдаса немесе өтініш тастаса сіздер оны бірден жауапкершілікке алып, зерттеп, тексеріп, министрлікті араластырмай-ақ сол орында шешу керексіздер. Желіні жай ғана ашып қоймай, халықпен тығыз жұмыс істеңіздер. Бұл көп мәселені реттеуге септігін тигізеді. Аймақтарға қатаң тапсырамын. Жыл соңында осы жөнінде есеп бересіздер.

 

Раушан САЙЛАУҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу