Қазақстандағы әр екінші баланың омыртқа жотасы қисық - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстандағы әр екінші баланың омыртқа жотасы қисық

24.10.2017

Дәрігерлер осылай деп дабыл қағуда. Ғылыми тілде «сколиоз» деп аталатын дерттің туа біткеннен гөрі жүре пайда болған түрлері белең алған. «Оған балғындардың дене бітімін тік ұстамауы, мектеп парталарының стандартқа сай келмеуі, ауыр зат көтеруі сияқты бірқатар факторлардың әсері бар», - дейді мамандар.

Раушан Бекееваның омыртқасы кішкентайынан қисық. Оның үстіне өзге де мүшелердің тепе-теңдігін бұзған. «3-ші дәрежелі сколиоз» деп диагноз қойған дәрігерлер ота жасаудан басқа амал жоқтығын айтады. 

Раушан Бекеева, емделуші:

- Кішкене ауырады. Мойным талады. Қолым ауырады. Енді жөнделеді деген үміттемін.

Ал, Дамирдің омыртқасын түзеу үшін мамандар оған арнайы металл қойды. Енді ол алынбайды. Жотаның түзу өсуіне мүмкіндік береді. Екі иығы теңесіп, еңсесі тіктелген 8 жасар балғынның қуанышында шек жоқ.

Дамир Қайратұлы, емделуші:

- Дәрігерлер маған ота жасады. Қазір жазылып келе жатырмын.

Омыртқа жотасы – бүкіл дененің тірегі. Ол қисайса, өзге де ішкі органдарға кері әсер етеді. Травматология және ортопедия ғылыми зерттеу институтының мамандары жылына 100-ден астам балаға операция жасап келеді. Дегенмен, ауру саны артпаса, азаяр түрі жоқ.

Еліміздегі 6 млн. баланың 35-40 пайызының омыртқа жотасы түзу емес. 10 пайызы клиникалық емді қажет етеді. 6000-ға жуық балаға хирургиялық ота жасау керек.

«Күннің тең жарымын мектепте өткізетін оқушылардың партада түзу отырмауы да омыртқа жотасының қисаюына әкеліп соқтыруы мүмкін. Сондықтан, баланың тік отыруын жасынан қадағалау керек», - дейді мамандар. Ал, негізгі талап бойынша көз бен кітап-құралдың ара қашықтығы 30-35 см. болу керек.

Біздің мектептердегі парталардың 70 пайызы стандартқа сай келмейді. Бұл жайында Парламент мінберінен де талай айтылған. Ортопед мамандар болса, мектеп жабдығы бала жасына сай емес деп налиды. Десе де, Білім және ғылым министрлігі тарапынан еш әрекет жоқ. Біз жолдаған сауалға да айтар жауап таба алмай, назардан тыс қалдырды. Партаның жыры өз алдына, салмағы ауыр сөмке де бұғанасы бекімеген оқушылардың омыртқасына зиян. «Мұның барлығы сколиоз ауруын қолдан жасауға ықпалын тигізеді», - дейді мамандар.

Болат Нағыманов, Ана мен бала ғылыми орталығы ортопедия бөлімінің меңгерушісі:

- Науқастығы үдеп кетпес үшін ауыр зат көтермеу керек. Мектептегі сөмкелері, рюкзактары болсын, ауыр кітап салмау керек. Ол әр баланың жасына, физикалық дамуына байланысты болу керек.

Әлемнің кейбір елдерінде сколиозбен науқастанатын балаларға арнайы мектептер салынған. Ал, көрші орналасқан Қытай елінде ауруды алдын-алу тәсілі тым ерекше. Мектептердің кейбірінде мынадай темірлерді көруге болады. Шетелдік озық тәжірибе біздің оқу орындарында қашан қолға алынатыны белгісіз. Десе де, ұрпақ денсаулығына алаңдаушылық білдірген мамандар аурудың алдын алмаса әскерге жарамды ұл, ана болар қыз саны азая ма деп қауіптенеді. 

 

Раушан САЙЛАУҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу