Дәрі-дәрмек бағасы тұрақтала ма?! - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Дәрі-дәрмек бағасы тұрақтала ма?!

09.10.2017

Жалпы, республикадағы дәрі-дәрімек саудасындағы қазіргі ахуал мен бағаның шектен тыс шарықтауы осы күні халықтың наразылығын тудырып келеді. Мәселен, кейбір пайдакүнем делдалдар бағаны 300 пайызға дейін көтерген. Мұндай деректерді таяуда осы саланың мамандары да жария етті. Дегенмен, халықты емес, қалтасын ойлаған бизнес өкілдеріне тосқауыл болар күн алыс емес. Тілшіміз Раушан Сайлауқызы тақырыпты жан-жақты зерттеді.

Жасы 80-ге жақындаған Дират Шымырбайұлы екі рет инсульт алған. Жүректің, қан қысымының дәрілерін үздіксіз тұтынады. Бағасын да бақылап, бағамдап отырған ақсақал дәріні сауда көзіне айналдырғандарға наразы.

Дират Шымырбай, қала тұрғыны:

- Бұрын дәріге 5000-дай теңге кететін. Қазір 10 мыңдай теңге жұмсаймын. Біздің жан сақтайтынымыз осы дәрі ғана. Сондықтан, қолдан келгенше дәрінің бағасын арзандатып берсе.

Бүгінде ауру жас талғамайды. Дәрі-дәрмек үлкен, кішінің де қажеттілігіне айналған. Алайда, құны көптің көңілін көншітпейді.

Пікір-терім:

- Асқазаным ауырады. Соған әрқайсысы 3000-нан дәрі аламын. Сонда шамамен 30 мың теңгедей ақша дәріге кетеді.

- Әр дәріхана бағаларын әртүрлі ұстайды.

- Соның барлығы бір жүйеге қойылса. Балалардың дәрілері өте қымбат. Екі есе деуге болады. 

Раушан Сайлауқызы, тілші:

- Астана қаласындағы Қажымұқан Мұңайтпасов көшесінің бойында бірнеше дәріхананың орналасқанын байқауға болады. Бір аумақта орналасқан бұл нысандар бағаны біркелкі ұстай ма? Тексеріп көрелік.

- Сонымен біз зерттеген бірнеше дәрінің бағасы жер мен көктей. Мәселен, «Амбробене» сұйықтығы 700-1000 теңге аралығында. «Флуканазол» да дәл сондай айырмашылықта. «Лазолван» дәрісі 1400, енді бірінде 2660 теңгеден. Ал, антибиотик «Аугументин» дәрісі 2000 мен 4000 теңге аралығында.

Бір аймақтың өзінде баға әртүрлі. Демек, дәрі құнының шарықтауына көлік тасымалын сылтауратуға негіз жоқ. Керісінше, көпшіліктің көксегені - қосымша пайда табу. Ал, Қазақстанға дәрі жеткізетін бір ғана «СК-фармация» компаниясы мұны әр елдің валюта бағамының өзгеруімен байланыстырып отыр. Тығырықтан шығудың бір жолы – отандық фармацевтиканы дамыту.

Тұрғын Сыздықов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Еліміз бай жер. Әрбір шөбіміз дәрі. Осы жерде дәрі шығаруға болады. Соның амалын табу керек. 

Жалпы, елімізде 8,5 мың дәріхана бар. Олардың 94 пайызы жекенің қолында. Дәрі өндіретін 51 кәсіпорын жұмыс істейді. 13-і халықаралық стандартқа сай.

Отандық фармацевтика демекші, кәсіпорындардың басым бөлігі Шымкентте орналасқан.  Солардың бірі - «Химфарм» компаниясы. 200-ден астам дәрінің түрін шығарады. Кәсіпорын сұранысқа сай, бірлесе жұмыс жасауға әзір.

Рустам Байғарин, зауыт директоры:

- Біз халықтың әлеуметтік жағдайын есепке аламыз. Сондықтан да бағасы шетелдік дәрілерден арзан. Егер сұраныс түссе, барлық дәріханалармен жұмыс жасауға әзірміз.

Елімізде сатылымға рұқсат етілген 7700 дәрі-дәрмектің 70 пайызы шетелден әкелінеді. Қазақстандық дәрі елдегі нарықтың 11 пайызын ғана қамтып отыр. «Отандық өнімдердің саудасы баяу болуына шетелдік компаниялармен жасалған ұзақ жылдық келісім кедергі», -  дейді мамандар. Дегенмен, келер жылы қабылданатын жаңа заң жобасы біраз мәселені реттеуі мүмкін.

Людмила Бюрабекова, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Фармация комитетінің төрайымы:

- 2018 жылдың 1-қазанынан бастап, дәрі бағасын реттеу туралы заң күшіне енеді. Әзірге құжат қаралу үстінде. Осы жаңа заң аясында баға барлық жерде біркелкі сақталатын болады.

Министрлік 2025 жылға дейін отандық дәрінің нарықтық деңгейін 70 пайызға жеткізуді көздеп отыр. Бұл әлбетте, шекті бағаның шеңберден шықпауына сеп болмақ. Ал, оған дейін ауырып қымбат дәрі іздегеннен, ауырмаудың жолын іздеген абзалырақ.

 

Раушан САЙЛАУҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу