Өскемендегі балаларға арналған тіс емханасының ғимараты тар - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Өскемендегі балаларға арналған тіс емханасының ғимараты тар

22.08.2014
Өскемендегі балаларға арналған  тіс емханасының ғимараты тар

Өскемендегі балаларға арналған  жалғыз тіс емханасы тым тар. Облыс орталығындағы ғана емес, барлық аудандардан келетін 18 жасқа дейінгі балаларға тегін қызмет көрсететін мекеменің ғимаратын кеңейту қажет.

Тұрғындар таңмен таласа талон алуға келгенімен, ұзын-сонар кезектен құтыла алмай  әуре болып жүр.

Емхана басшылығы осы уақытқа дейін ғимаратты үлкейту мәселесін бірнеше мәрте көтергенімен, әзірге еш нәтиже жоқ.

Тісі ауырған баланы емханаға апару үшін өскемендік ата-аналар әбден әбігерге түседі. Өйткені, қаладағы аядай ғимараттағы стоматологияға барамыз, дегенді естігенде сырқат баланың көңіл-күйі түседі. Өйткені, ол ауру тісімен ұзақ кезекте отыруға мәжбүр. 

Бірінші қабаттағы науқастарды тіркеу орны әрдайым лық толы. Ал, екінші қабатта ине шаншар жер жоқ.

Төлеухан Әбілқасымов, Тарбағатай ауданының тұрғыны:

Мына жер тар. Кезекте 2-3 сағаттан артық тұрамыз.

Ырысалды Құмарбекова, қала тұрғыны:

Таңғы 4-5-тен кісілер кезекке тұрады, талон жетпейді. Сол жағы бізге өте ауыр тиіп тұр.

Емхананың тар дәлізіндегі кезекте алтын уақыттарын өлтірген ата-аналар арыз-шағымын бас дәрігерге де жиі айтады. Ол тыңдайды, жағдайды түсіндіреді, бірақ, бас дәрігерде қолдан келер дәрмен жоқ.

Бұл ғимарат 45 жыл бұрын салынған. Содан бері қала тұрғындарының саны 2-3 есеге өсті. Ал, тіс емханасы әлі де осы қос қабатты ғимаратта.

Махамбет Имашпаев, бас дәрігер:

Ғимарат салынғанда 127 адамға есептелген. Ал, қазір біз күніне 300-350, жаз кезінде 400 балаға дейін қабылдаймыз

Дәрігерлер басқа жерден жаңа емхана салып беруді де сұрап отырған жоқ. Қазіргісіне жабыстыра қосымша  ғимарат тұрғызып берсе болды, дейді.

Өздері осы құрылыстың жобасын да жасатып, жоғары жаққа жіберіпті. Содан бері 3-4 жыл өтті. 

Жанғазы Әліпбаев, облыстық Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:

Мекеменің қасынан қосымша жер көлемін қарадық. Енді сол жерге құрылыс жүргізу мәселесі бойынша басқа да мемлекеттік органдармен келісу жүргізілуде. Осы жұмыс оң шешімін тапса, сол жерде құрылыс жүргізу ойымыз бар.

Қосымша ғимарат салуға рұқсат алынған соң, техникалық және экономикалық негіздеме жасау керек. Одан кейін жобалық сметасы дайындалуы тиіс. Бұл жұмыстардың қай уақытта бітетіні әзірге белгісіз.    

 

Берік КӨШЕРБАЕВ

Хабарламаларға жазылу