Тісжегі ауруы асқынып тұр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Тісжегі ауруы асқынып тұр

05.11.2019

Алматы қалалық балалар тіс емханасының дәрігерлері осыны айтып, дабыл қақты. Олардың сөзінше, қазір 15 жасқа дейінгі балалардың арасында бұл дерт дендеп барады. Егер уақытында емдемесе, тіс түсіп, тіпті баланың жағы қисайып қалады. «Бірақ ерте қаралса, емделмейтін ауру жоқ», - дейді тіс дәрігерлері. 

Жұлдыз Сәметқызы балаларын осы тіс емханасына әкеліп емдейді. Өйткені стоматологтар алдымен бүлдіршіндерге психологиялық кеңес беріп, көмек көрсетеді. 

Жұлдыз Нұрғалиева, қала тұрғыны:

Тәтті жегеннен тісі ауырып, мазасызданып жүрген. Содан кейін осында емделуге келдік. 

Дәрігерлердің сөзінше, емханаға келетін балалардың 90 пайызы құрттаған тістерін емдетеді. Себебі де жоқ емес. Әлі буыны бекімеген жеткіншектер газдалған сусын, түрлі тәтті мен өзге де зиянды тағамдарды шамадан тыс ішіп-жейді. Ал кесірі тіске тиеді. 

Нұрбану Иманғалиева, тіс дәрігері:

 Тіс дәрігерлеріне, стоматологтарға жарты жылда бір рет алып келіп, көрсеткізіп тұрса, жол бермес едік асқынған түрлеріне.

Сапалы қызметтің нәтижесінде, емханаға келушілер көбейген. Тіпті мұнда күрделі операциялар да жасалады. Сондықтан жұмыс уақыты да біршама ұзарған. Қазір күніне 250-ден астам, ал маусымдық демалыс кезінде 600-ге жуық 15 жасқа дейінгі бала тегін емделеді.

Төретай Рузуддинов, Алматы қалалық балалар тіс емханасының бас дәрігері:

Қазір толық жеті күн демалыссыз таңғы сағат 8:00-ден түнгі сағат 00:00-ге дейін қызмет көрсетіп келеміз. Оны балалардың санының артуымен байланыстырып отырмыз. 

«Медициналық қызмет көрсетудің сапасы мен қолжетімділігін қамтамасыз ету керек». Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында осындай тапсырма берген. Бұл жүктелген міндетке сай, аталған тіс емхасы қызметтің көпшілікке қолжетімді болуына жағдай жасаған. Бастысы, ұзын-сонар кезек жоқ. Сандық жүйенің нәтижесінде, онлайн тіркелуге болады.

Нұрхан Нұрланұлы

Хабарламаларға жазылу