ОҚО: Қырым қанды безгегіне шалдығудың 5-ші дерегі анықталды (толығырақ) - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ОҚО: Қырым қанды безгегіне шалдығудың 5-ші дерегі анықталды (толығырақ)

30.07.2014
ОҚО: Қырым қанды безгегіне шалдығудың 5-ші дерегі анықталды (толығырақ)

Оңтүстік Қазақстан облысында конго қырым қанды безгегін жұқтырған бесінші адам тіркелді.  Шардара ауданының 43  жастағы тұрғынын суға шомылып жүрген кезде кене шағып алған.

Арада үш күн өткенде денсаулығы күрт нашарлапты. Сөйтіп, ауруханада тексерілгенде, дәрігерлер конго қырым  қанды безгегін жұқтырғанын анықтаған.

Қазір науқас облыстық жұқпалы ауруханада ем қабылдап жатыр.

Сондай-ақ, Сарыағаш ауданында осы дертті жұқтырды, деген күдікпен 19 жастағы тұрғын ауруханаға жатқызылды.

 Оның безгекті жұқтырғаны әлі расталмаса да, тиісті сынамалар алынып, тексеру  жүргізілуде.

Сала мамандары биыл кене оңтүстікке тағы да қауіп төндіріп отырғанын ескертеді.

Мәселен, 35 мың қансорғышқа тексеру жүргізгенде, оның 72-нен қырым қанды қоздырғышы анықталған.

Сондықтан, қазынадан 462 миллион теңге бөлініп, елді мекендердің барлығына залалсыздандыру жұмыстары  жүргізілуде

Былтыр оңтүстікте қырым қанды безгегіне күдікті ретінде 38 науқас тіркелген. Кейінен олардың бесеуінің диагнозы расталған. Солардың ішінде бір адам қайтыс болған еді.

 Жұмағұл Медетов, ОҚО Тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті басшысының орынбасары:

Барлық тіркелген аурулардың ошақтарында эпидемияға қарсы іс-шаралар жүргізілді. Барлығында қайтадан қосымша  дәрілеу жұмыстары жүргізілді.  Олармен қарым-қатынаста болған адамдар бақылауға алынды. Олардың арасында ауырған, күдікті жағдайлар тіркелген жоқ.

Айнұр АҚБАЕВА

Хабарламаларға жазылу