Павлодарлық дәрігер ДЦП дертін емдеудің жаңа технологиясын ойлап тапты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Павлодарлық дәрігер ДЦП дертін емдеудің жаңа технологиясын ойлап тапты

16.07.2014
Павлодарлық дәрігер ДЦП дертін емдеудің жаңа технологиясын ойлап тапты

ДЦП дертіне шалдыққандарды емдеудің жаңа технологиясы. Павлодарлық дәрігер-реабилитолог ерекше тренажер жасап шығарды.

Бұған дейін де оның ауыр дертпен күрестің тың тәсілін патенттегені жөнінде айтқан едік. Іле-шала еліміздің түкпір-түкпірінен көрермендеріміз Ұлттық арнаға хабарласып, Павлодарда ем қабылдауға ағылған болатын.

Араға жыл салып, Александр Мякота тағы таңқалдырды.

Дәрігердің жасаған тренажері спорттық үлгіде. Жамбас пен белдің бұлшықеттерін күшейтуге арналған. Буынға салмақ түсіреді. Табаннан бастап қос тізеге, омыртқаға қан жүгіртеді. Ол үшін электронды тітіркендіргіштер орнатылған.

Александр Мякота, дәрігер:

Керек-жарақтың біразын шетелден тапсырыс арқылы алдырдым. Бұл - 1,5 жылдық еңбегімнің жемісі. Мәселен, тізе мен жіліктің қабысатын жері бар, яғни, кинетикалық түйін тектес құрылғылар арқылы аяқ буындарын қатайтып, сырқаттың қадамы нық болуының амалын таптым.

Алғашқы нәтижелері жаман емес. 5 жасар Мариян Докучаев біраз күн емделіп, тәй-тәйлап жүруге айналды.

Людмила Докучаева, Мариянның анасы:

Алғашқы қадамын осы жерде жасады. Сал болып қалған баланың өз бетінше тұрғанын көруден асқан қуаныш бар ма?!

ДЦП дертін емдеуге дәстүрлі медицина дәрменсіз. Сондықтан, адамдар шетелдерді шарлауға мәжбүр. Емші, балгерлерге барады.

Айнұр Мұсаходжаева, Павлодар қаласының тұрғыны:

Біз Будапешттегі институтқа, Трускавецке, Чехияға бардық. Тіпті, Балида болып дельфиндермен емдеу әдісін де жасап көрдік. Үнемі Алматыға барып жүрдік. Қазір осындамыз. Бала өз салмағын ұстап тұра алмайтын еді. Қазір күш алды, аздап жүре бастады.

Ерекше тренажер орталық ми құрылымына жақсы әсер етеді. Сөйтіп, адамның жүйке жүйесінде тербеліс пайда болады екен.  Ол буыннан бастап, қозғалысқа жауапты барлық мүшелерге таралады.

Яғни, ағзаны тірілтеді. Балалардың жүріп-тұруға әрекет жасауы - соның айғағы.

Болат АМАНБАЕВ

Хабарламаларға жазылу