Туыстық сипаттағы қос операцияда қыздары аналарына өз бауырларының жартысынан көп бөлігін берген. Қазір науқастар отандық медицинаның озық технологиясы мен білікті мамандардың арқасында аяқтарынан тік тұрды.
Бауырын алмастырған науқастың бірі - Әлиман Райымбекқызы. Бауыры ауырғанына 4-5 жылдан асыпты. Әбден асқынған соң еміне шипа іздеп, Түркия, Қытай елдерінің мамандарына жүгінеді.
Бірақ, ем қонбай, осыдан 1 ай бұрын өлім мен өмір арасында қаладағы №7 қалалық клиникалық ауруханасына түседі. Жедел операция жасалып, 8 сағатта білікті дәрігерлер көмегімен қызының 70 пайыз бауыры анасына алынып салынады.
Әлиман Райымбекқызы, науқас:
Қазір денсаулығым жақсы. Отандық дәрігерлерге алғысым шексіз.
Жанаргүл Шайзада, донор:
Шыққаныма міне, 2 апта болды, Аллаға шүкір, жүріп жүрмін. Анама күнде келемін. Қуаныштымын, осындай халге жеткеніме.
Статистикаға сүйенсек, қазір әлемде бауыр церрозына шалдыққандардың 1 жылда 70 пайызы қайтыс болады. Біздің елдегі көрсеткіш те мәз емес.
Сондықтан, елдегі ең іргелі 4 орталық соңғы жылдары бауыр алмастыруды қолға алды. Бүгінге дейін 25 операция жасалыпты. Әйткенмен, донор тапшылығынан сау бауырға қол жеткізе алмай жүргендер көп.
Болатбек Баймаханов, №7 қалалық клиникалық аурухананың бас дәрігері:
Бізде жылына 400-500 бауыр ауыстыру операциясы жасалуы керек. Биыл Қазақстанда 50-ден астам осындай ота жасалады деген жоспар бар.
«Саламатты Қазақстан» бағдарламасы аясында №7 қалалық клиникалық аурухана осыдан 3 жыл бұрын арнайы жобаны қолға алды.
Былтыр үнділік мамандармен жыл аяғында 1 науқастың бауырын ауыстырған. Мынау - үшіншісі. Жыл соңына дейін тағы 10 операция жасауды жоспарлап отыр.
Жазира ИСАЕВА