Қызы анасына бауырын бөліп берді. Ақтөбеде жоғары технологиялық операция  жасалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қызы анасына бауырын бөліп берді. Ақтөбеде жоғары технологиялық операция  жасалды

14.03.2018

Қызы анасына бауырын бөліп берді. Орал қаласының 55 жастағы тұрғынына Ақтөбеде жоғары технологиялық операция  жасалды.  Оңтүстік Кореяның танымал профессоры Кванг Вунг Ли бастаған бір топ дәрігер  6 сағат бойы бауыр алмастыру өткізді.

Назгүл Кенеева туған анасы үшін аянып қалмады. Бауырының жартысын бөліп берді. Өзіне өмір сыйлаған жақын адамына осылай қолдау көрсеткеніне қуанышты екенін жеткізді. Сәл қорқыныш болғанын да жасырмады. Ол палатаға ауыстырылды. «Жағдайым қалыпты»,- дейді. 

Назгүл Кенеева, емделуші:

- Жағдайым жақсы. Отаға екі апта көлемінде дайындалдым. Тек анам жазылып кетсе екен. Донор болуға дәрігерлер ұсыныс жасады. Ағам екеуміз ойлана келе мен донор боламын деп шештім.

Назгүлдің өзі де болашақ медицина қызметкері. Бүгінде Орал қаласында медициналық колледжде білім алып жатыр. Мамандығы - акушер.

Туған анасына донор болған Назгүл 10 күннен соң үйіне шығады. Күтініп, дәрігерлердің айтқанын бұлжытпай орындаса, ағзасы 6 ай ішінде қалпына келеді. Бастысы, барлығы ақысыз түрде жасалды. Негізі мұндай операциялардың құны 5 миллион теңгеден асып түседі.

Рүстем Исаев, Ақтөбе медицина орталығының бас дәрігері:

- Қызы хирургия бөліміне ауыстырылды. Анасы әлі жансақтау бөлімінде. Жағдайы жаман емес. Сөйлесе алады. Енді екі-үш күнде палатаға қызының қасына шығарамыз деп отырмыз.

Еске салсақ, ота өткен сенбіде жасалды. Пациент Оралдан Астана қаласына жол жүріп бара жатқан тұста кеннеттен ауырып, шұғыл бригаданың көмегімен Ақтөбе облыстық ауруханасына жеткізілді. Операция Оңтүстік Кореяның танымал профессорларының бірі Кванг Вунг Лидің басшылығымен өтті. Бұл - Ақтөбеде өткен он екінші бауыр алмастыру операциясы.

 

Райгүл ЕНШІБАЙ

Хабарламаларға жазылу