Қазақстанда алғаш рет жасанды тері салу тәсілі жүзеге асты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстанда алғаш рет жасанды тері салу тәсілі жүзеге асты

16.04.2014
Қазақстанда алғаш рет жасанды тері салу тәсілі жүзеге асты
Трансплантация саласында тың жаңалық. Отандық ғалымдар ойлап тапқан жасанды тері салу тәсілі  сәтті жүзеге асырыла бастады.
 
Бұрындары денесінің 50-60 пайызын күйік шалған науқастардың қатарға қосылуы екіталай еді. Енді олардың денесінде тіпті жарақаттың ізі де қалмайды.
 
Қазірдің өзінде денесі күйген немесе басқа да тері жарақатын алған 50-ге жуық науқас жасанды терінің арқасында құлантаза айығып кетті.
 
22 жыл бұрын Сағидолла Аяпов денесінің 43 пайызын күйік шалып, ауруханаға түседі. Ол кезде мұндай науқастарды емдеудің бір ғана жолы болатын. Күйген денесіне сау терісін кесіп алып, жамайтын. Бірақ, оның сау терісінің көлемі күйген жерін алмастыруға жетпейді. Амал жоқ, терісі өздігінен бітіп кеткенше жылға жуық аурудың зардабын тартты.
 
Сағидолла Аяпов, науқас:
22 жыл бойы ақсап жүрдім. Тіпті, соңғы кездері жүре алмай қалдым.
 
Енді медицинада қолдануға болатын жасанды тері ойлап табылды. Бір қызығы, ол сұйық зат түрінде қолданылады.
 
Жаңатай Рамазанов, Травматология және ортопедия ғылыми-зерттеу орталығы Күйік бөлімінің меңгерушісі:
Тері арасындағы ашық жерлерге фиброспрейді қолданамыз.
 
Нәтижесінде санаулы күнде жаңа тері өсіп шығады. Бұл ғылыми жаңалықты ойлап тапқан Ұлттық биотехнология орталығының қызметкері -  Ғазиза Данлыбаева.Ол фиброспрейді адамның тері жасушаларынан жасаған. Оған кез келген жан донор бола алады. Жасуша алдымен өңделеді, сосын арнайы құтыға салынып, адам температурасымен бірдей мына аппараттың ішінде өсіріледі.
 
Шынар Асанқызы, тілші:
Сұйықтықтың ішінен кәдімгі адам терісі өсіп шығады десе, әрине, сенбеуіңіз мүмкін. Бірақ, расында солай. Мәселен, мына 30 милилитрлік сұйықтықтың ішінде 5 миллионға жуық тері жасушасы бар. Ал, ол жасушалар бүлінген терінің 30 сантиметрін жамауға жетеді.
 
Ғазиза Данлыбаева, Ұлттық биотехнология орталығының жетекші ғылыми қызметкері:
Бұрын біз аэрозоль түрінде пайдалансақ, қазір оны матрица ретінде пайдаланамыз. 
 
Ғалымның «матрица» деп отырғаны - кәдімгі тері пішінді зат. Яғни, жасушаларды пленка тәрізді етіп өсіруге де болады. Мұны жарақаттың үстіне жабыстырса, зақымданған тері тез қалпына келеді. Он шақты күннен соң жасанды тері өздігінен түсіп қалады.
 
Наталья Кузнецова, науқас:
Операциядан кейін аурудың не екенін ұмыттым. 4 жылдан бері бірінші рет алаңсыз ұйықтадым.
 
Натальяға аз уақыт бұрын операция жасалған. Аяғындағы 15 сантиметрлік жара жасанды терімен жамалды. Бірер күннен кейін Сағидолла Аяпов та операция үстеліне жатпақ. Инновациялық жаңалықтың арқасында 22 жылдық дертінен айығарына ол да сенеді.
 
Шынар АСАНҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу