Науқастардың емделуіне 1 миллиард теңге бөлінді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Науқастардың емделуіне 1 миллиард теңге бөлінді

09.01.2014
Науқастардың емделуіне 1 миллиард теңге бөлінді
Биыл науқас азаматтарымызды шетелде емдеу үшін мемлекеттік бюджеттен 1 миллиард теңге бөлінді. «Бұл 70-тен астам адамның ем-домына жетеді», - дейді мамандар. Олар негізінен туабітті жүрек ақауымен туған балалар мен сүйек майын ауыстыруды қажет ететін науқастар. Көбі Қазақстанда донор таппағандар. Ал болашақта отандастарымыздың шетелге барып емделуі біршама азаяды. Қазір ол үшін барлық іс-шара жүргізіліп жатыр.
 
Әділхан Жұмабаевтың ұйқысыз түндері артта қалды. Бүйрегі сыр берген күн де әлі есінде. 2009 жылды қарсы алу кешіне дайындық кезінде ес-түссіз құлаған ол, сол уақыттан бері гемодиализ, яғни, жасанды бүйрек апаратына тәуелді болып келді. Тек өткен жылдың тамызында ғана Беларуссияда оның бүйрегі ауыстырылды.
 
Әділхан Жұмабаев, қала тұрғыны:
Аппаратта жүрген оңай емес, ертеңгі күнді көремін бе, көрмеймін бе деп ойлайсың. Ол уақытта қысым көтеріледі, түсіп кетеді.
 
Әділханға отандық дәрігерлер де көмек көрсетер еді. Бірақ донор болмады. Туыстарының біреуінің қаны сәйкес келсе, біреуінікі келмеді. Сәйкес келгендердің өзінің бүйрегі жарамады. 
 
Раш Жұмабаева, Ә.Жұмабаевтың анасы:
Сөйтіп өзім 2 рет дайындадым. Бірақ менің де қаным аз, оның үстіне бір операция болған. Сондықтан балама көмек бере алмадым.
 
Елімізде Әділхан сияқты 2 мыңнан астам адам ішкі ағзасын ауыстыруға мұқтаж. Жүрегі сыр берген 200 науқасқа донор қажет. 700 адамға бауыр керек болса, қан рагына шалдыққан 300 аурудың сүйек майын ауыстыру қажет. 20 адамның өкпесі жарамайды. Ал ең көбі, яғни 1057 адам бүйрегін ауыстыруға мұқтаж.  
 
Әлихан Досаханов, «Ұлттық ғылыми-медициналық орталығы» АҚ Бас директорының орынбасары:
Министрліктің қадағалауымен Астанада бірнеше орталықта алдымен науқастың диагнозын анықтап аламыз. Асқынбаған болса Қазақстанда емдеуге болады, асқынып, бізде емделмейтін жағдайда шетелге жібереміз.
 
2012 жылы республикалық бюджеттен 679 миллион теңгеге жуық қаражат бөлініп, 55 азамат шетел клиникаларында емделді. Оның 34-і бала. Ал 2013 жылы 1 млрд. теңге қарастырылып 83 науқас шетелге жіберілді. Ол жылы бала саны 36 болды.
 
Азаматтарымыз негізінен Германия, Австрия, Израиль, Түркия, Оңтүстік Корея, Беларусь Республикасы және Ресейде емделіп келген. Ал биыл қазақстандықтардың шетелде ем алуы үшін бюджеттен 1 миллиард теңге бөлінді. Бұл қаржы 70 адамға шақталған.  Ал шетелде емделу мүмкіндігіне ие болған Әділханның ендігі арманы - бауырлары мен ата-анасына қолынан келгенше жәрдемдесу.
 
 Әділхан Жұмабаев, қала тұрғыны:
Аяғыма тұрып кетсем, қайтадан жұмысыма кіріссем деймін. Әкем де ауырады, қолымнан келгенше көмектессем, денсаулығымызды сақтап жүре берсек, басқа қандай арман бар енді.
 
 
 
 Сәуле АЛДАМҰРАТҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу