Қатерлі ісік асқынып тұр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қатерлі ісік асқынып тұр

04.01.2014
Қатерлі ісік асқынып тұр
Жыл өткен сайын Жамбыл облысында қатерлі ісік ауруына шалыққандар саны артып барады. Бүгінгі таңда өңірде осы дертке шалдыққан бес мыңға тарта адам есепте тұр. Тек өткен жылдың өзінде онкологиялық сырқаттар саны 200-ге өскен.
 
Осыған байланысты тік ішек, сүт безі, асқазан, өңеш және қуық безінің қатерлі ісігін анықтау мақсатымен скринингтік зерттеулер жасала бастады. Дертті асқындырмай тұрып, ерте бастан анықтау үшін 320 миллион теңгеге компьютерлік томография қондырғысы алынды.
 
Жасы алпысты алқымдаған Қашқынбай Мұқашевтың ауруханада жатқанына айға жуықтады. Өкпесінде қатерлі ісік болуы мүмкін деген күдік бар. Қазір жан-жақты медициналық тексеруден өтіп жатыр. 
 
Қашқынбай Мұқашев, ем алушы:
Рентгенге түсіріп жатыр. Денсаулығымда көп өзгеріс бар. Жақсымын.
 
Жаңа компьютерлік томография енді Қашқынбай ақсақал секілді науқастардың дертін ерте бастан анықтауға мүмкіндік бермек. Бұған дейін емдеу ісінде қолданылып келген ультрадыбысты қондырығымен тек бір ғана ағзаның жай-күйін көруге болатын.
 
Кейбір кішкентай ісіктер байқалмай елеусіз қалып қоятын. Компьютерлік томографтың артықшылығы сол - санаулы секундта он екі мүшені толықтай тексеріп, өзгерісті бірден анықтап береді.  
 
Қуаныш Егембердиев, облыстық онкологиялық диспансердің бас дәрігері:
Қай жерде ауру бар екенін анықтайды. Кейін емделуге де жеңіл. 85-95 пайызға алдын алған аурулар емделіп шығады.
 
Онкология ауруын ауыздықтау мақсатында диспансерде мұнан бөлек иммуногистохимиялық зертхана да ашылды. Бұл сүт безі қатерлі ісігін молекулалық деңгейде зерттеп, тиімді ем қолдануға мүмкіндік берді. Сондай-ақ аурухананың 12 дәрігері Алматы қаласында білімін жетілдіріп, тәжірибе жинақтап қайтты.
 
 
Ғани Қалмаханов

Хабарламаларға жазылу