Басты Жаңалықтар Кітапқұмар ұрпақ – ұлт келешегі

Кітапқұмар ұрпақ – ұлт келешегі

Кітапқұмар ұрпақ ұлттың келешегі. Оқу ой-сананы өсіреді. Алайда бүгінде балалар кітаптан гөрі қалта телефонына көбірек шұқшияды. Ой емес ойын қуып, миды мәнсіз қызыққа еліктіретін әлеуметтік желіге әуес. Жас ұрпақты осы шырмауықтан шығарып, кітапқұмар баланы қалыптастырудың жолы қандай? Мәдина Нағашыбай жауап іздеп көрді.

Ұлдана Жүрсінбаева Алпамыс батыр жырын жатқа біледі. Рудный қаласындағы Ахмет Байтұрсынұлы атындағы мектептің 10 сынып оқушысы. 100 беттік эпосты мүдірмей оқиды. Биыл көктемде облыс бойынша 9 мың бала қатысқан жыр сайысында топ жарып, бас жүлдені иеленді.

Ұлдана Жүрсінбаева, оқушы:
«Алпамыс батыр» жыры маған көп нәрсені үйретті. Ой-өрісімді кеңейтті, қазақ әдбиетіне терең бойлай түстім, сөздік қорымды дамытты. Бұл мен үшін үлкен тәжірибе.

Қомақты жүлде тігіп осындай сайыстар өткізу балаларды кітап оқуға қызықтырудың бір тәсілі. Бүгінде елімізде кеңінен қолданылып жүр. Алайда жарыстан озуды немесе материалдық сый алуды ғана мақсат тұту шынайы кітапқұмарлардың қатарын көбейтуі екіталай. Жас әдебиеттанушы Сара Бекжан «бұл жерде «жұмсақ күшке» мән беру маңыздырақ» дейді.

Сара Бекжан, әдебиеттанушы, PhD кандидаты:

Ата-ана бірге оқуы керек. Бір бетін мен, бір бетін сен оқы деп мысалы. Рөлге кіріп оқиық деп. Баланың өзінің жасына, деңгейіне, қарай жеңіл шығармаларды таңдау маңызды. Солай жұмсақ күшпен баулуға болады.

Сондай-ақ баланы оқуға қызықтыруды ойы анық, айтуға жеңіл, тілге жатық тіркестерді үйретуден бастаған жөн.

Арын Құнанбайұлы, филолог-зерттеуші:

Сол үшін оқуды оңтайландыратын ұйқас, әуез, өрнекті сөзді ойнату керек. Сондай әдіс-тәсілдер бар. Мәселен: Сайын үйге барған сайын, тәтті ала бар. Адам басын иеді, бие иіді дейтін болсақ. Бұл сол оқуды оңайландыратын тіл ұстарту тапсырмалары.

Биыл Қостанай облысында «Кітап оқитын ұлт» жобасына 50 мыңнан астам адам қатысыпты. Соның ішінде 300-ден артық білім ордалары бар. Жеңімпаздар 400 мыңнан 1 млн теңгеге дейін ақшалай сыйлық иеленген. Жалпы жүлде қоры 40 млн теңге. Яғни, мемлекет тарапынан қозғау бар, қолдау бар. Ал енді тұтас ұлттың кітапқұмар болуы – ұрпағын ұлағатты іске баули білген әр ата-ананың еншісіндегі міндет.

Бөлісу