Басты Жаңалықтар 19 қазан – құтқарушылар күні

19 қазан – құтқарушылар күні

Адам өмірін арашалау – асқан жауапкершілік пен кәсіби шеберлікті талап ететін міндет. Қауіп-қатерге қарамастан көмекке асығатын құтқарушылар үшін әр секундтың маңызы зор. 19 қазан – осы жауапты мамандық иелерінің кәсіби мерекесі.

Мирас Амантаевтың құтқару саласындағы еңбек өтілі бір жылдан асты. Жас маман қазір тәжірибе жинап, кәсіби біліктілігін шыңдап жүр. Ол үшін әр кезекшілік – жаңа тәжірибе, әр тапсырма – үлкен жауапкершілік.

Мирас Амантаев, сүңгуір:

Судың астында жүргенде қорқыныш болады. Осы жазда Память Ильича ауылының тұсында судың астынан адамның денесін шығардым. Қорқыныш болады, сезім де басқаша болады. Негізі шама келгенше адамның өмірін сақтап қалған жақсы ғой.

Ал Ринат Айбеков бұл салада жиырма жылдан бері еңбек етіп келеді. Жылдар бойы жинаған тәжірибесі мен кәсіби шеберлігі кейінгі буынға үлгі. Осылайша, салада тәжірибе мен жас мамандардың талпынысы ұштасып, сабақтастық жалғасып келеді.

Ринат Айбеков, құтқарушы:

2009 жылы Баймұханов-Мечников көпірі құлағанда сол кезде адамдарды құтқару, іздеу жұмыстары ерекше есімде қалды. Құтқарушының жұмысы бірінші уақыт, содан кейін өзінің біліктілігі. Сол екеуін қосқанда адам өмірін құтқаруға үлкен маңызды.

Есбол Дарғожин, Облыстық ТЖД жедел құтқару жасағы басшысының орынбасары:

Тәжірибелі құтқарушымыз артынан ерген поколениені үйретіп,білмегендерін түсіндіріп, өзінің білгенімен бөлісіп жүреді. Екеуі де құтқару жұмысына белсенді қатысады. Екеуіне де жоғары баға беремін. Өз ісінің мамандары.

Қауіп төнген сәтте көмекке келетін құтқарушылардың еңбегі қашанда құрметке лайық. Бірі тәжірибе жинап, енді бірі білгенін үйретіп жүргенімен, барлығының мақсаты ортақ. Ол – адам өмірін қорғау. Сондықтан бүгінгінің батырына айналған еңбек адамдарының мерейі әрдайым үстем болуға тиіс.

Бөлісу