Алматыда «Мектепке жол» акциясы басталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда «Мектепке жол» акциясы басталды

25.07.2019

Жоба аясында қыркүйек айына дейін көпбалалы және тұрмысы төмен отбасылардан шыққан 15 мыңнан астам балаға көмек көрсетіледі. Ол үшін қала бюджетінен 260 миллион теңгеге жуық қаржы бөлінген.

Аталған дәстүрлі акция биыл 12-ші рет ұйымдастырылып отыр. Білім басқармасының өкілдері бұл игі бастаманы жаз мезгілінде ғана емес, жыл бойына өткізуге ниетті. Бір ерекшілігі, осы жылғы қайырымдылыққа бөлінген қаржы мектептерге жеке-жеке жіберіліп, әрі қарай ата-аналарға үлестіріледі. Ал олар мектеп формалары мен оқу құралдарын отандық өндірушілерден сатып алуы керек. Себебі базарларда сапасыз киімдер көбейген. «Сондықтан олар сатып алынған әр заттың түбіртегін мектеп бухгалтериясына өткізуі тиіс», - дейді мамандар.

Гүлнар Қожабергенова, Алматы қалалық Білім басқармасының басшысы:

Базарда арзанқол формалар өте көп. Көптеген жеке кәсіпкер Қытайдан немесе Қырғызстаннан сапасы төмен мектеп формаларын әкеліп, сатып жатыр. Ата-аналар сондай сапасыз өнімді алмас үшін біз отандық өндірушілердің өнімдерін жарнамалап, ата-аналарға айтып, сол отандық өндірушілердің өнімін алуға тиісті қаражатты бөліп отырмыз.

Нұрхан НҰРЛАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу