Жекеге өткен балабақшалар мемлекетке қайтарылып жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жекеге өткен балабақшалар мемлекетке қайтарылып жатыр

10.06.2019

Екібастұздық кәсіпкерлер кезінде жеке иеліктеріне алған балабақшаларды енді мемлекетке тегін қайтарып жатыр. Әзірге 4 ғимарат босатылып, оқу бөлімінің қарамағына өтті. Ал әкімшілік дереу күрделі жөндеп, пайдалануға беруде. Соның нәтижесінде биылдың өзінде бүлдіршіндерді балабақшамен қамту мәселесін 100 пайызға шешу жоспарланып отыр.

Бояуы кеппеген мына ғимаратта бөбектер таза мемлекеттік тілде тәрбие алады. Оқыту бағдарламасы да ерекше. Кеншілер мен энергетиктер шаһарындағы балалардың танымдылық белсенділігін, зияткерлігін дамытуға арналған алғашқы балабақша бұл.

Самал Керімқұлова, №27 балабақша тәрбиешісі:

- Бұл жаңаша бағытта, көптеген леготехнологиялар қолданылады. Жаңа бағытта, жаңаша технологиялармен жасалған өте керемет балабақша.

90-шы жылдары осы ғимарат жекеменшікке өтіп, жергілікті кәсіпкер бизнес жүргізген. Алайда қазір Екібастұзда балабақша кезегінде тұрған бала саны көбейді. Оның үстіне Нұр-Сұлтан қаласынан көпбалалы отбасылар қоныс аударып жатыр. Осыны ескерген бизнесмен ғимаратты мемлекетке тегін қайтарды.

Інжу Құрмашева, №27 балабаша меңгерушісі:

- «Нұрлы Ертіс» бағдарламасы бойынша біздің Екібастұзға көптеген отбасы көшіп келіп, баспаналы болып жатыр. Бұл үрдіске бізде қатысып жатырмыз. 14 отбасынан 20 бала біздің балабақшаға келеді.

Жазира Хамзабаева, Екібастұз қалалық Білім бөлімінің жетекшісі:

- Қазір бюджеттен ақша сұраудамыз. Себебі бізде 3 жастан 6 жастағы балалар арасындағы кезекте тұрған балаларды біз толық қамтыдық. Ал 2-3 жас аралығындағы балаларда кішкене кезек бар.

Мектепке дейінгі мекемеде 50-ге тарта жұмыс орны ашылды. Ғимаратты күрделі жөндеу үшін бюджеттен 318 млн теңге жұмсалды. Қазір кәсіпкерлер қайтарған тағы 4 балабақша ғимараты бос тұр. Оларда пайдалануға берілетін болса, бүлдіршіндерді балабақшамен қамту мәселесі осы жылы толықтай шешіледі.

Болат АМАНБАЕВ

Хабарламаларға жазылу