Жеткіншектер 3D принтер құрастырып шықты. Астанада өткен «Kazakhstan Robotics Challenge 2019» байқауында мектеп оқушылары ойлап тапқан түрлі туындылар таныстырылды.
Бұл – балалардың ойыншығы емес, кәдімгі кәдеге жарайтын құрылғы. 3D принтер. Мұны мектеп оқушылары құрастырып шығарған. Құрылыста таптырмас құрал. Кез келген кескінді үшөлшемді мөлшерде көрсетіп, шынайы бейнеде шығарып береді. Яғни, дәлдік пен нақтылық үшін қажет.
Олжас Өскенбайұлы, веб-бағдарламашы:
- Біз жасап жатқан бәрі ұсақ-түйек қана емес. Қазір үйлер, мотоциклдер, машиналар осы 3D принтер арқылы салынып жатыр. Ғарыштағы қазір саймандар жасау үшін 3D принтер қолданады. Апат болып қалғанда керекті саймандарды шығарады.
Өнертапқыштар сайысына елдің барлық өңірінен 270-тен аса оқушы қатысты. Барлығы 170 команда. Олар 7 кезең бойынша бақ сынасуда. Осымен 4-рет жалауын көтерген жарыс жас буынды инновацияның иірімдеріне баулуға бағытталған. Биылғы ерекшелігі, тек қыздардан ғана құралған команда бар. Бұрымдылар ептіліктерін IT саласында көрсетіп жатыр.
Бахтияр Эрметов, Білім-инновация қорындағы әдістемелік кабинеттің басшысы:
- Қыздар өздері код, бағдарлама жазып жатыр. Ол да биыл біз үшін бір жаңалық болды. Оқушылар дайын роботты жинайды. Бірақ оның талаптары бар. Олар өздерінің идеяларын қоса алады. Мына Arduino Hackathon жарысында оқушылар өз-өзімен жүретін машина жасайды. Оны ертең дамытып, нарыққа шығаруға болады.
Жарыс жеңімпаздары Сүлеймен Демирел университетінің базасында өтетін халықаралық бәйгесіне жолдама ұтып алды.
Асима НҰРБАЙҚЫЗЫ