Ойы мен идеясы ұшқыр ұстаздар. Алматыда «Педагогикалық идеялар панорамасы» республикалық конкурсының жеңімпаздары анықталды. Еліміздің түкпір-түкпірінен келген 66 үздік мұғалімді Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев марапаттады. Олар қазіргі заманға сай білім саласында жаңартылған электрондық түрдегі дәріс жүктеп, көп дауысқа ие болған мамандар. Әр ұстаздың идеясы видеодәріс түрінде түсіріліп, көпшіліктің қызу талқысынан өткен. Қалалық және облыстық іріктеуден өткен сабақтар республикалық деңгейдегі конкурсқа ұсынылған. Бүгін бірінші дәрежелі диплом алған мұғалімдерге 90 мың теңге ақшалай сыйлық та берілді. Екінші орынға - 75 мың, ал, үшінші орын алғандардың әрқайсысына 45 мың теңгеден тиді.
Ерлан Сағадиев, ҚР Білім және ғылым министрі:
- Ұстаздардың жыл сайын жағдайы да, айлықтары да, білімі де, сапасы да, мәртебесі де көтеріліп отыр. Біз келесі жылы Елбасының тікелей тапсырмасына сәйкес, бәрін заң түрінде бекіту үшін «Педагог мәртебесі» туралы заңды қабылдайтын боламыз.
Нұргүл Ишанғалиева, Орал қаласы №38 «Жазира» бөбекжайының әдіскері:
- Осы сайысқа ұжым болып дайындалып, өзіміздің мектепке дейінгі тәрбиелеуде балалардың, балаларды жан-жақты дамытуда асық технологиясының әдіс-тәсілдерін қарастырып осы бағытта шеберлік сыныбымды ұсынған болатынмын.
Әсем ҚАБЫЛБЕК
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.