Алматыда 25 мың бала мектеп табалдырығын аттады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда 25 мың бала мектеп табалдырығын аттады

03.09.2018

Биыл Алматыда 25 мыңнан астам бала алғаш рет мектеп табалдырығын аттады. 5 бірдей су жаңа мектеп жұмысын бастады. Сондай-ақ, төрт мектепте жер сілкінісіне қарсы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жаңа құралдармен жабдықталды.

Бұл - Алматыдағы ең үздік мектептердің бірі Мұқағали Мақатаев атындағы №140 гимназия. Білім саласындағы жаңашылдықтарға сай оқытатын мектепке оқушылар жылда ағылып келеді. Биылдың өзінде білім ордасының табалдырығын 230 бала аттады.

Сәния Өскенбайқызы, Мұқағали Мақатаев атындағы № 140 гимназия директоры:

- Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «ел ертеңі ұстаздардың қолында» деген ұстанымымен келісемін. Ұстаздар қауымына тек денсаулық тілеймін. Еліміздің ертеңі, болашағы шәкірттерімізге білімді де білікті болу жолында үлкен күш-жігер тілеймін.

Мектептің өткен жылғы түлектері Ұлттық бірыңғай тестілеуде республикада ең жоғары ортақ баллды көрсеткен. Сондықтан, мұнда баласын бергісі келетін ата-ана көп. Олардың ішінде ел мақтанышы, боксшы Қанат Ислам да бар.

Алматыда қазір қазақ тілінде оқытатын мектептердің саны артып келеді. Мәселен, Тәуелсіздік алған жылдары небәрі 7 қазақ мектебі болса, қазір 67-ге көбейген. Қазақ тілінде оқитын балалардың саны 12 есе өсіп, 110 мыңға жеткен. Ал, қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын Абай атындағы дарынды балалар мектеп-интернаты өткен жылы еліміздегі ең үздік олимпиадалық мектеп атанды.

Роза Сексенова, Абай атындағы республикалық мамандандырылған дарынды балаларға арналған мектеп-интернатының директоры:

- Бізде қазақ тілі, орыс тілі және ағылшын тілі оқытылып жатыр. Онымен қоса, екінші жыл түрік тілі мен қытай тілі оқытылуда. Биылғы жылы біз осы тілдерге латын графикасын қосып отырмыз.

Еліміздің ертеңі саналатын білімпаздарға сапалы білім беру барлық мектептерге қойылатын талап. Ал, ізденімпаз оқушыларды алда халықаралық жарыстар күтіп тұр. Осы себепті мегаполистегі білім мекемелері жаңа оқу жылына ерешке дайындықпен кірісті. Ұстаздар мен білімпаздардың басты мақсаты - ел мерейін үстем ету. 

Амангелді СЕЙІТХАН

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.               

Хабарламаларға жазылу