Алмалыбақ елді мекеніндегі Әл-Фараби атындағы арнаулы гимназия жаңа оқу жылында 187 оқушымен толықты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алмалыбақ елді мекеніндегі Әл-Фараби атындағы арнаулы гимназия жаңа оқу жылында 187 оқушымен толықты

03.09.2018

Елбасының үш тілде білім беру арқылы халықаралық деңгейдегі кадрларды мектеп қабырғасынан бастап дайындау талабы шалғай ауылдарда да табысты жүзеге асып жатыр. Солардың бірі Алматы облысы Қарасай ауданы Алмалыбақ ауылындағы дарынды балаларға арналған үш тілде оқытатын Әл-Фараби атындағы арнаулы гимназия. Жаңа оқу жылында білімгерлер 187 оқушымен толықты.

Алмалыбақ елді мекеніндегі Әл-Фараби атындағы арнаулы гимназияда 1787 бала оқиды. Өткен оқу жылында мектептен түлеп ұшқан 57 оқушының тоғызы «Алтын белгі», үшеуі үздік аттестатқа бітірді. 38 түлек мемлекеттік грант иегері атанды. Ал, жаңа оқу жылында 187 бала мектеп табалдырығын аттап, 1-сыныптың оқушысы атанды. 

Бақшагүл Мұстафина, дарынды балаларға арналған үш тілде оқытатын Әл-Фараби атындағы арнаулы гимназиясының директоры:

- Оқушылар мен ата-аналарды Білім күнімен құттықтағым келеді. Ұстаздарға биылғы оқу жылында шығармашылық табыс, мол ізденіс, тек биіктен көрінулеріне тілектеспін. 

Ұстаз мектептің жүрегі, асқақ арман арқалаған білімпаздың тірегі. Осы себепті мұғалімдерге замана көшінен қалмай оқытудың үздік әдіс-тәсілдерін үнемі меңгеру талап етіледі. Әл-Фараби гимназиясындағы 132 ұстаздың әрқайсысына жоғары талап қойылады. Мұнда ең бірінші оқушылардың тәрбиесіне ерекше мән береді.

Перизат Пердебаева, дарынды балаларға арналған үш тілде оқытатын Әл-Фараби атындағы арнаулы гимназиясының мұғалімі:  

- Әл-Фараби ғұламамыз айтқандай, ең бірінші адамға тәрбие берілуі керек. «Тәрбиесіз берілген білім - адамзаттың қас жауы». Білімге де, тәрбиеге де көп көңіл бөлінеді.

Білім ошағында ағылшын тілі 1-сыныптан бастап тереңдетіліп оқытылады. Ал, 7- сыныптан жаратылыстану бағытындағы информатика, математика, химия және биология пәндері ағылшын тілінде өтеді. Сондықтан, бұл білім мекемесін бітірген оқушылар мектеп қабырғасында-ақ үш тілді терең меңгерген кадр болып қалыптасады. «Бұл өз кезегінде колледж бен университетке түскен түлектердің білікті маман болып, әлемдік ғылымды еркін игеруіне ықпал етеді», - дейді ұстаздар. 

Нұрлан АСҚАРҰЛЫ         

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.               

Хабарламаларға жазылу