Елімізде мектеп тапшылығы кезең-кезеңмен шешіледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде мектеп тапшылығы кезең-кезеңмен шешіледі

29.08.2018

Биылғы жаңа оқу жылында жаңашылдықтар көп. Оларды бүгін журналистерге Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев айтып берді. Атап айтқанда, биылдан бастап «Информатика» пәні 3-сыныптан бастап оқытылады. Келесі жылы ол 1-2 сыныптарға да енгізілмек. Сондай-ақ, жаңа оқу жылында 5-6-7 сыныптар «Өлкетану» пәнін қосымша оқитын болды. Мұғалімдердің жұмысы біршама жеңілдейтін көрінеді. Педагогтар толтыруға тиіс 5 құжат бекітілген. Олардан басқа жұмыстарға ұстаздар жегілмеуі тиіс. Министрге қойылған сұрақтың көбі мектептердің аздығы, оларда орынның жетіспейтіні туралы болды. Әсіресе, бұл мәселе Астана мен Алматыға қатысты болып тұр. Сала басшысы бұл қалаларда мектептерге баланың сыймауын, қалаға көшіп келушілердің тым көптігімен түсіндірді. Айталық, елордаға бір жылда 80 мыңнан астам адам көшіп келген екен. Олардың 17 мыңы мектеп жасындағы балалар. Министрлік өткір тұрған бұл мәселені екі жолмен шешуді жоспарлап отыр. 

Ерлан Сағадиев, ҚР Білім және ғылым министрі:

- Біз жыл сайын 110 -150 мектеп саламыз. Оны Үкімет республикалық бюджет есебінен салып отыр. Оның бәрін Астанаға сала берсек, Түркістанда кім салады, Шымкенте кім салады? Бізде облыстар көп. Оны бір жылда салуға бюджет көтермейді. Мұның екі шешімі бар: ең біріншісі, жекеменшік компанияларды тарту. Жан басына  қаржыландыруды неге Астанада бастап отырмыз, себебі сұраныс көбейіп жатыр.

Жалпы, биылғы оқу жылында еліміздегі 7024 меткепке 3 млн-нан астам оқушы барады. Оның 350 мыңы бірінші сынып оқушылары. 2015-2017 жылдар аралығында 235 білім ордасын салу жоспарларланыпты. Алайда, ол меже асыра орындалып, ел бойынша 347 мектеп тұрғызылған. Ал, биылдың өзінде 110 мектеп бой көтерген.  

 

Сәуле АЛДАМҰРАТҚЫЗЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу