Жаңа оқу жылынан 3-сыныпта информатика пәні оқытылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жаңа оқу жылынан 3-сыныпта информатика пәні оқытылады

17.08.2018

Биылғы жаңа оқу жылы жаңашылдықтарға толы болмақ. Қыркүйектен бастап 3-сынып оқушыларына информатика пәні оқытылады. Ал, келесі жылы бір мен екінші сыныптарға енгізілмек. Тағы бір жаңалық: мектептерді оқушы санына қарай қаржыландыру механизмі енеді. Яғни, мемлекет білім ордаларына қаражатты адам санына байланысты төлейді. Бұл дегеніміз, оқушы мектеп ауыстырған жағдайда, сол балаға бөлінген қаржы өзімен бірге кетеді деген сөз. Бұл жаңалықтарды Тамыз конференциясында министр Ерлан Сағадиев жеткізді.

Әуелі мектептің басты проблемасы - бала санына тоқталсақ. Жыл сайын елімізде 110-нан 170-ке дейін мектеп салынады. Алайда, мұнымен үшауысымды және апатты мектептердің проблемасы шешілген жоқ. Себебі, демография мен миграция қарқынды жүріп жатыр. Оған мысал, 2000 жылы елімізде 222 мың бала дүниеге келсе, 2016 жылы 400 мың сәби дүние есігін ашқан.

Ерлан Сағадиев, ҚР Білім және ғылым министрі:

- Өткен жылы Астанаға еліміздің басқа аймағынан 80 мыңға жуық адам көшіп келді. Олардың 17 мыңға жуығы балалар. Бұл шамамен жыл сайын жаңа 15 мектеп салуға қажеттілік тудырады.

Министрлік бұл мәселені әр мектепке қаражат бөлу жүйесі арқылы шешпек. Яғни, мемлекет бір баланың оқуына 200 мың теңгеден аса қаражат төлейді. Бала саны неғұрлым көп болғаны білім ұясына тиімді. «Бұл мектептер арасында бәсекелестік пен сапаны арттырады», - дейді мамандар. 

Бибігүл Асылова, ҚР Білім және ғылым вице-министрі:

- Биыл Астана мектептерінде балаларды жекеменшік білім ордаларына орналастыру жүреді. Жекеменшік мектептер мемлекеттік тапсырысқа қатысты. Яғни, бір оқушы үшін төленетін қаржының 30 пайызын мемлекет төлейді. Баласын ақылы оқытатын ата-ана үшін бұл үлкен көмек. Оқушыларды мектепке сыйғызудың бір тәсілі осы болып тұр.

Сондай-ақ, биылдан бастап мектеп басшылығы мен ата-ана арасында келісімшарт жасалады. Құжатта екі тараптың нақты құқықтары көрсетіледі. Бұл мұғілім мәртебесін көтерудің бір әдісі ғана. Тағы бір әдіс - бұдан былай ұстаз баланы үйіне іздеп бару, ол үшін жауап беру секілді жауапкершіліктерден құтылатын болады. 

Асхат Аймағамбетов, ҚР Білім және ғылым вице-министрі:

- Бұл бес құжат - өзінің журналын толтыруы, балалардың күнделіктерін толтыру, бағалау мәселесі, күнтізбелік-тақырыптық жоспарлау, сабақтың жоспары. Басқа ешқандай құжаттар талап етілмейді.

Егер мектеп директоры осыдан бөлек жұмыстар тапсыратын болса, мұғалімнің шағымдануына құқы бар. Ал, мектептегі бала саны проблемасы жақын арада шешіле қоймасы анық. Себебі, биыл Астанада бір ғана жаңа мектеп салынған.

 

Сәуле АЛДАМҰРАТҚЫЗЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу