Басты Жаңалықтар ҰБТ-дан ең жоғары балл жинаған Шиара Құдайбергенова Сүлеймен Демирел университетіне оқуға түсті

ҰБТ-дан ең жоғары балл жинаған Шиара Құдайбергенова Сүлеймен Демирел университетіне оқуға түсті

Еліміз бойынша Ұлттық бірыңғай тестілеуден ең жоғары 140 балл жинаған Шиара Құдайбергенова Сүлеймен Демирел атындағы университеттің тәлімгері атанды. Ол оқуға түстім деп тоқмейілсімей, ізденіс үстінде. Өйткені, оны алда үлкен өмір, шексіз ғылым майданы күтіп тұр. Сондықтан, білімпаз ағылшын тілін оқып жүр. Мақсаты - білімін толықтырып, еліміздің дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосылу үшін қызмет ету.

Шиара Құдайбергенова Алматыдағы Қожа Ахмет Яссауи атындағы № 123 мектеп-гимназиясының түлегі. ҰБТ-ға тоғызыншы сыныптан бастап дайындалған. Екі жылғы төккен кері еш кетпеді. Өзіне сенген адамдардың үмітін, ақтап мемлекеттік грантқа ие болды.

Шиара Құдайбергенова, студент:

- 140 балл алу мен үшін мақсат болды. Сол мақсатыма жеттім. Ол әрине, еңбектің арқасы, өзіңе мақсат қоя білгеннің арқысы. Ата-анама, ұстаздарыма алғысымды білдіремін.

Қаржы саласының көптеген термині ағылшын тілінде. Сондықтан, Шиара Әбдрахымқызы болдым, толдым демей ағылшын тілін оқып, білімін тереңдетіп жатыр. Өйткені, осы саладағы кітаптарды қазақшаға аударып, бизнестің тілін қазақша сөйлетуді мақсат еткен.    

Асылбек Өтегенов, ағылшын тілінің мұғалімі:

- Негізі ҰБТ тапсырған балалар қазір енді босап, демалып жатыр. Бірақ, Шиара 140 балл жинағаннан кейін өзін алдыда не күтіп тұрғанын біледі. Қазірден бастап бізде ағылшын тілін көтеру мақсатында жұмыс істеп жатыр.

«Демалу жалқаулардың ісі» деп білетін бойжеткен білім игеруді күнделікті жұмысына айналдырған. Себебі, ол өмірі мен тіршілігін басқаша елестете алмайды.

Шиара Құдайбергенова, студент:

- Назарбаев Университетіне түсу арман болатын. Бірақ, мен оның емтиханына кешігіп қалғандықтан тапсыра алмай қалдым. Назарбаев Университетіне Ұлттық бірыңғай тестілеу нәтижесі жарамайды. Сол себепті, қабылдаған жоқ. Бірақ, ол да мақсат болып қалады. Магистратураны сол жақта оқимын.

Сүлеймен Демирел атындағы университет қаржыгерлерге берілетін халықаралық 14 сертификаттың тоғызын береді. Сондықтан, Шиара осы білім ордасын таңдаған. Алайда, бұл сертификаттарға қол жеткізіп, білікті маман атану үшін тынымсыз ізденіс керек. Ғалымдардың зерттеуі бойынша ерте тұрып оқу мидың қабілетінің артуына ықпал етеді. Сол үшін білімпаз таңғы төртте тұрып сабақ оқып, өзінің биік мақсаты мен асқақ арманы үшін аянбай тер төгеді.

 

Нұрлан АСҚАРҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Бөлісу