Мектеп сөмкесінің бос күйіндегі салмағы 1 келіден аспауы қажет - Жандарбек Бекшин
Мектеп сөмкесін немесе рюкзакты таңдау кезінде тиісті талаптар сақталуы тиіс. Мәселен, рюкзактың бос күйіндегі салмағы 1 келіден аспауы қажет. Бұл туралы бүгін «Жаңа оқу маусымына дайындық» тақырыбында өткен баспасөз мәслихатында Денсаулық сақтау министрлігінің комитет төрағасы Жандарбек Бекшин мәлімдеді. Оның айтуынша, бірінші кезекте баланың омыртқасы мен иығына салмақ түсірмейтіндей сөмкенің берік құрылымы болуы тиіс. Сонымен қатар, сөмкенің иықбаулары жалпақ әрі жұмсақ материалдан тігілуі керек. Оның өлшемі де баланың бойы мен жасына сәйкес келгені жөн. Бұдан өзге, 1-4-сынып оқушылары үшін әрбір кітаптың салмағы 300 грамнан, 5-6-сыныптарға - 400, 7-9-сыныптарға 500 грамнан және одан жоғары сыныптар үшін 600 грамнан аспауы керек. Жалпы, елімізде оқулық салмағы мәселесі соңғы жылдары қадағалауға алынды. Былтыр 86 оқулыққа қатысты сараптама жүргізіліп, оның екеуінің салмағы гигиеналық нормативтерге сәйкес келмеген.
Жандарбек Бекшин, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің төрағасы:
- Жұмыс тобы құрылды. Бұл жұмыс тобы балалардың оқу сөмкелеріне байланысты жұмыс істейді. Сөмкелердің салмағы артып бара жатыр. Оның кішкентай балалардың денсаулығына кері әсері тиеді.
Мөлдір ЕРНАЗАР
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
