Алматыда болашақ саясаткерлерге арналған кітап жарық көрді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда болашақ саясаткерлерге арналған кітап жарық көрді

01.06.2018

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің философия және саясаттану факультетіндегі «Политолог» студенттік клубының 9 жылдық жұмысы жинақталған еңбек студенттердің білімін жетілдіруге арналған қосымша оқу құралы. Өйткені, мұнда соңғы он жыл көлемінде елімізде және әлемде болған саяси оқиғалардың барлығы талданып, сарапталып, объективті баға берілген.

«Политолог» атты жинақ саясат сахнасындағы белді саясаттанушылардың өзекті ойларын қағазға түсіріп, елдің игілігіне жарату мақсатында шығарылған. Сондықтан, мұнда қылдан жіңішке, қылыштан өткір мәселелер туралы айтылған тұжырымды пікірлер топтастырылған.  

Әлия Масалимова,  Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ философия және саясаттану факультетінің деканы:

- Кітапта студенттік пікірсайыс клубының бірнеше жылдың нәтижесінде жинақталған ақпараты  қамтылған.  

Айғаным Қалдыбай - саясаттану мамандығын таңдағандығын мақтан етеді. Себебі, магистрант университет қабырғасындағы «Политолог» пікірсайыс алаңында елге белгілі саясаттанушылармен кездесіп, сұхбаттасқан, үйренгені көп. Енді ол игерген білімін елдің игілігіне жұмсауды мақсат етіп отыр.    

Айғаным Қалдыбай,  магистрант:  

- Бұл жерде біз халықаралық және қазақстандық сарапшылармен, саясаттанушылармен кездесулер, пікірталастар ұйымдастырамыз.  Сонымен қатар, тәжірибе алмасамыз. Түрлі саяси маңызы бар тақырыптарда ақпарат алмасып, тәжірибе жинақтаймыз. Сол себепті, клуб болашақ кәсіби маман болып қалыптасуыма үлкен үлесін тигізді деп айта аламын.  

Бүгінде оқу орнындағы осы саясаттану факультетінің түлектері елдің дамуына үлес қосып жүр. Өйткені, түрлі реформалардың толық іске асуына олардың берері мол, ықпалы зор.

Әлия Масалимова,  Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ философия және саясаттану факультетінің деканы:

-Біз факультетімізде тек қана теориялық емес, практикамен ұштастыра сабақ береміз. Бітірген студенттеріміз жан-жақты болып шығады.

Жалпы, философия және саясаттану факультетінде жастарға әлеуметтік-қоғамдық саладағы 10 мамандық бойынша білім беріледі. Мыңнан аса студентке 180 тәжірибелі ғалым дәріс оқиды. «Сондықтан, бұл болашағын ғылымға арнаймын дейтін шәкірт үшін саясат сахнасына шығатын алтын көпір», - дейді оқытушылар.    

Нұрлан АСҚАРҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу