Аттестациядан өткен ұстаздарға енді жаңа санаттар беріледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Аттестациядан өткен ұстаздарға енді жаңа санаттар беріледі

11.05.2018

Жаңа оқу жылынан бастап елімізде мұғалімдердің жаңа санаттары пайда болады. Арнайы аттестациядан өткен ұстаздарға педагог-шебер, педагог-зерттеуші  немесе педагог-сарапшы секілді санаттар беріліп, олардың жалақысы 30-дан 50 пайызға дейін артады. Бүгін Ұлттық тестілеу орталығы  тест сұрақтарының жобасын жариялады.

Аттестациядан өткен мұғалімдерге су жаңа санаттар бес жыл мерзімге беріледі. Ал, оны алу оңай емес, әр санатқа сай талаптар бар. Мысалы, ең жоғары педагог-шебер категориясын алу үшін мұғалім мен оның оқушысының білім жарыстарында жетістіктері болуы керек. Ләйлә Сүлейменова Астанадағы мектептердің бірінде мұғалім. Алдағы аттестацияда педагог-шебер категориясын алуға тырыспақ. Ол үшін тестілеуден 80 пайыздан кем емес ұпай жинауы қажет.

Ләйлә Сүлейменова, №75 мектеп-гимназия мұғалімі:

- Педагог-мастер категориясына тапсырғым келеді. Өйткені, менің жетістіктерім бар. Балаларды олимпиадаларға қатыстырдым және де өзімнің жетістіктерім бар.

Аттестацияға баратын ұстаздар алдымен 100 сұрақтан тұратын тест тапсырады. Оның  70-і пән бойынша, қалған отыз сұрақ оқыту әдістемесі жайлы. Екінші кезеңде осыған дейін істеген жұмыстарыңызды арнайы құрылған аттестациялық комиссияның қарауына ұсынасыз. Яғни, соңғы шешімді осы комиссия айтады. Бастапқыда мұғалімдерді тестілеуден 2400 теңге төлеп өтеді деген ақпарат болған. Алайда, вице-министр бұл ақпаратты растаған жоқ.

Асхат Аймағамбетов, ҚР Білім және ғылым вице-министрі:

- Ұлттық біліктілік тестілеуі қабылданған шешімге сәйкес мұғалімдар үшін ақысыз. Бүгінгі күні газетке барлық пәндер бойынша сұрақтарды жібердік. Барлық сұрақтарды емес, тек үлгілерін ғана көрсетіп береміз.

Жаңа жүйе бойынша бұрынғы  екінші категориялы ұстаздар енді педагог-модератор деп аталаса, бірінші санатты ұстаздар сарапшы-педагог мәртебесін алады. Ал, жоғарғы санаттағы мұғалімдер педагог-зерттеуші болып өзгереді.  Бұларға бұрын болмаған ең жоғарғы педагог-шебер санатын қосыңыз. Бұл статусты алған ұстаздардың жалақысы  алдағы 1 қыркүйектен бастап 50 пайызға артады.

Дулат АБИБУЛЛАЕВ

«Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын AppStore және Play Market сервистерінен тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу