«Ахмет Байтұрсынұлы – тәуелсіздік жаршысы». Бүгін осындай атаумен Астанада республикалық конференция өтті. Кеш Ахмет Байтұрсынұлының 145 жылдығына орай өткізіліп отыр. Шараға еліміздің тарихшы ғалымдары мен ұстаздар, сарапшылар қатысты. Олар Ахмет Байтұрсынұлы туралы баяндамаларын жасап, қоғам қайраткерінің ағартушылық жолындағы атқарған еңбектеріне тоқталды. Сондай-ақ, конференцияда «Ұлт ұстазы» атты ғылыми жобалардан және эссе жазудан байқау жеңімпаздары марапатталды. Байқауға республиканың түкпір-түкпірінен 80-ге жуық адам қатысқан. Ұйымдастырушылардың сөзінше, қатысушылардың үздік еңбектері мен ғылыми жобалары алдағы уақытта баспадан басылып шықпақ.
Әзірет Сатылғанов, «Білім өркениеті» Ұлттық инновациялық орталығының директоры:
- Басқа да танымдық мақсатта ұлттық намысты оятатын оқушылар, студенттер арасында әлі де байқау өткіземіз. Өйткені, бұл идеяны қанша насихаттасақ, соншалықты ұлттық ой-өрісіміз кеңейе береді және елдік мүддеміз нығаяды.
Өмірлерін арнап кеткен ерлерімізді біз тыныш заманда отырып мұраларын айта алмасақ, елдігімізге сын болады.
Фариза МҰСАҚЫЗЫ