Елімізде француз тілінде білім беретін мектеп ашылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде француз тілінде білім беретін мектеп ашылады

22.01.2018

Бұл туралы Халықаралық білім көрмесіне қатысқан Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев мәлімдеді. Осы көрмеде Францияның Қазақстандағы Елшісімен стратегиялық әріптестік жөнінде меморандумға қол қойылды. Ал, көрмеге еліміздің және шетелдің жүзден астам университеттері қатысты. Барлығы өз жетістіктері мен тиімді тұстарын айтып, қазақ жастарын оқуға шақырды.

Мұнда жүргеннің көбісі мектеп оқушылары, ұстаздар және ата-аналар. Қалайда осы көрмеге қатысу керек деген қатаң талап пен мәжбүрлеу жоқ. Барлығы өз болашағы үшін өз еріктерімен залды толтырған жастар. Жыл өткен сайын осы көрмеге дамыған елдердің оқу орындары көптеп қатысуда. Міне, соның бір дәлелі - өркениетті Франция біздің елмен келісім орнатты. Алдағы уақытта Франция мемлекетімен білім саласындағы байланыс күшейеді.

Ерлан Сағадиев, ҚР Білім және ғылым министрі:

- Әрине, қазіргі уақытта біздің көп жұмыстарымыз алда. Соның ішінде француз тіліндегі мектептерді ашамыз. «Болашақ» бағдарламасы өзгереді. Сосын грант санын көбейтеміз. Қойған мақсатымыз - 500-ден 5 мыңға бес жыл ішінде жету.

Осы күні Францияда 50 мыңға жуық Марокко азаматтары, 35 мыңнан астам Қытай жастары білім алып жүр. Ал, қазақтардың саны 550-дің маңайында. Елші қызметіне жақында тағайындалған Филипп Мартинэ аз уақыт ішінде қазақ тілін үйреніп алған. Енді қазақ жастарын Францияға тартуға мықтап кірісемін деп отыр.

Филипп Мартинэ, Францияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі:

- Жақын арада біз стратегиялық әріптестігіміздің 10 жылдығын атап өтеміз. 2000 жылдан бері біздің екі ел стратегиялық әріптестер. Стратегиялық серіктестік дегеніміз не? Бұл біздің болашағымызды бірлесіп жасауымыз.

Көрмеге қатысқан және өз елінен қазақ жастарына 200 тегін оқу грантының бөлінгенін айтқан Венгрия Елшісі де қазақ тілінен қиналып тұрған жоқ.

Қазақ тілін тез үйреніп алуды шетелдік азаматтар бірнеше рет дәлелдеп берді. Бірақ, осы қазақ тілі өзгеге оңай, өзімізге қиын болып тұр. Сондықтан, ең құрығында тілін құрметтей алмайтын елде қандай білім болсын. Әйтеуір жастар алысқа кетуге алаңдап жүр. 

Исатай Мінуаров, «Болашақ» халықаралық бағдарламасының түлегі:

- Шынын айту керек, Қазақстанда білім беру жүйесін олар бәсекеге қабілетті деп санамайды. Қазақстандық нарықта жоғары бәсекелестік болу үшін оқушылар, түлектер шетелдік білімді алуға ұмтылады.

Айпақшы, дәл осы халықаралық білім көрмесі 22-қаңтарда Шымкентте, 24-қаңтарда Алматыда өтеді.

 

Ғабит ҰЗАҚБАЙ

Хабарламаларға жазылу