Мемлекет басшысы Францияға ресми сапармен барды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мемлекет басшысы Францияға ресми сапармен барды

29.11.2022

Мұнай-газ саласына қажетті бұрғылау машиналары Қазақстанда шығарылуы мүмкін. Қазақ-француз кәсіпкерлері осы бағытта келіссөздер жүргізіп жатыр. Ал Францияның жетекші жоғары оқу орнының филиалы Алматыда ашылады. Президенттің Францияға ресми сапары аясында осындай бірқатар келіссөздерге қол жеткізілді. Парижден Асима Нұрбайқызы.

Елисей сарайы. Құрмет қарауылы. Қасым-Жомарт Тоқаевты Франция президенті Эмманюэль Макрон қарсы алды.

3 млрд доллар. Қазақстан мен Франция арасындағы айналым. Сенімді серіктестер үшін соманы еселеп көбейтуге болады. Оған екеуі де мүдделі. Тек бірқатар кедергілер бар. Екі елдің арасы алшақ. Геосаяси жағдайдың күрделенуінен тауар тасымалына тосқауыл көбейді. Салтанатты рәсімнен кейін мемлекеттер басшылары келіссөз жүргізіп, осы түйткілдерді талқылады.

Президентке тағы құрмет. Мүгедектер үйі - Париждегі тарихи нысан. Мәртебелі мейманды осы сарайда қарсы алудың француздар үшін мәні зор. Қасым-Жомарт Тоқаевқа осындай ілтипат көрсетілді.

Екі ел арасындағы байланыс бұрыннан бекем. Франция Қазақстан экономикасына 17 миллиард доллар инвестиция құйды. Тауар айналымы артып келеді. Көрсеткіш былтырғы кезеңмен салыстырғанда 6 пайызға көп. Францияның Орталық Азия елдерімен жасаған сауда-саттығының 90 пайызы Қазақстанға тиесілі. Біздегі француз компанияларының саны 170-тен асады. Франция басшысы Макрон Қазақстанда 2 жылдан кейін француз тілінде оқытатын жаңа мектеп ашылатынын айтты. Францияның политехникалық университетінің филиалы да бізде ашылады. Ғылым бағыты та жанданбақ. Бүгін білім, ғылым саласы бойынша ғана 22 құжатқа қол қойылды. Бұл бұрын соңды болмаған көлемді келісім.

Саясат Нұрбек, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі:
Арнайы жол картасы әзірленеді. Келесі жылдан бастап Қазақстанда дайындықты бастаймыз. Францияның жетекші технологиялық университетінің кампусын филиалын ашуға. Жан-жақты көлемді білім және жоғарғы білім аясындағы келісім болмаған. Сондықтан бүкіл білім, зерттеу, жоғары білім, университет аралық қарым-қатынас, болашақ бағдарламасы, ғылыми тағылымдамаларды реттейтін жан-жақты кешенді құжатқа қол қойдық бүгін.

Қазақстандық кәсіпкерлер машина жасау саласында да бірқатар келіссөзге қол жеткізді. Францияның бұл бағытта әлеуеті зор. Тараптар Астанада электровоз зауытының жаңа цехтарын ашуға уағдаласты. Іске асса отандық үлес 35-40 пайызға жетеді. Мұнай газ саласында бірлескен жобалар да қаралып жатыр.

Мейрам Пішембаев, Қазақстан машина жасаушылар одағы басқарма төрағасы:
Францияның дамыған компаниялары мынау мұнай газ саласына горизантальная бұрғылау машиналары дейді. Сондай машиналар бізде жоқ. Ресейде де шығарылмайды. Соны талқылап жатырмыз. Қазақстандға сондай өндірісті кіргізу.

Қасым-Жомарт Тоқаев Француз халықаралық қатынастар институтының негізін қалаушы Тьерри де Монбриальмен де кездесті.

Асима Нұрбайқызы, тілші:
Париж - Астананың манызды сауда-серіктесі әрі инвесторлардың алғашқы бестігіне кіреді. Еуропа мемлекеттері ішінде Қазақстанның тәуелсіздігін тұңғыш мойындаған осы Франция. Достық құжатын да бірінші боп бекітті. Содан бері байланыс үзілген жоқ. Керісінше, қарым-қатынас қарқын алып келеді.

Байланыс алда тағы беки түседі. Келіссөздер қорытындысы бойынша бірқатар құжатқа қол қойылды.


Хабарламаларға жазылу