ҰБТ кезінде өрескел жайттар болған жоқ

07.06.2014
ҰБТ кезінде өрескел жайттар болған жоқ
Мемлекеттік комиссия мүшелерінің ҰБТ өткізу барысында оқушылармен дөрекі сөйлескені дәлелденсе, жазаланады, тіпті жұмыстан босатылады. Бұл жайында Білім және ғылым вице-министрі Такир Балықбаев айтты. Бұған дейін тестілеу кезінде комиссия өкілдерінің талапкерлерге қысым жасағаны туралы ақпараттар тараған еді. Егер жарияланған мақалалар расталса, дөрекелік танытқан мұғалімдер жазаланады. Сондай-ақ, вице-министр эмоцияға беріліп, телеарналарға сұхбат берген оқушылар жайында да өз пікірін білдірді.
 
Такир Балықбаев, ҚР Білім және ғылым вице-министрі:
Баланы тінтіген, шешіндірген факт болған жоқ. Прокуратура толық тексерсін, содан кейін нәтижесін сіздерге айтамыз. Білесіздер ме, балалардың неге жылайтынын? 99 балл аламын деген бала 35 балл алған кезде ол жылай береді. Сондықтан бұл жерде баланың емтихан біткеннен кейін жылағаны нәтижеге байланысты ма, жоқ емтихан алдында болған нәрсеге байланысты ма тексерсін, көрсін, біздің еш қарсылығымыз жоқ.
 
Сәкен СЕЙІТХАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу