Періште жүрек тоқтады... - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Періште жүрек тоқтады...

20.07.2018

Денис Теннің қайғылы қазасы қазақ халқының ғана емес, әлем қабырғасын қайыстырып кеткендей болды. Оған шетелдің беделді телеарна мен басылымдарының қазақстандық спортшы туралы шартарапқа жариялап жатқаны дәлел. Кешелі бері бүкіл бұқаралық ақпарат құралдары, әлеуметтік желі қолдананушылары сүйікті ұлдарынан қапыда айырылып қалғандарына қатты өкінетіндерін айтып, талантты ұлдың туған-туыстарына көңілдерін білдіріп жатыр. Араларында Денистің әлемнің түкпір-түкпірінде жүрген әріптес-достары да бар.

Таң атқаннан Денис Теннің ата-анасына көңіл айтуға келген жұртта сан жоқ. Алматыдағы үйінің маңына жасы да, кәрісі де жиналды.  

Арыстанбек Мұхамедиұлы, ҚР Мәдениет және спорт министрі:

- Мұндай азаматтың дүниеден кетіп жатқаны бәрімізге үлкен қайғы, үлкен сабақ. Бір-бірімізге ерекше сезіммен қарауымыз керек.

Алматылықтар түннен бері Арбатта жиналып, сүйікті ұлын еске алды.

Есілдің жағасына жиналған халықта да есеп жоқ. Денистің бір-бір суретін ұстаған жанкүйерлерінің жүрегі езіліп-ақ тұр. Кішісі де, кәрісі де өрімдей жігіттің қапыда қаза болғанына қайғылы.

Сәнімкүл Еламанова, қала тұрғыны:

- Өзі кішкентай болса да, жүрегімен спортты қалаған ақкөңіл, қарапайым бала еді. Ұлты корей болса да, қазаққа жанын берді.

Қарағандылықтар талантты спортшыны тебірене жоқтады. Жұрт жаппай алаңға жиылып, спорт саңлағын еске алды.

Алматы, Шымкент, Орал, Қызылорда қалаларында да қалалық алаңға жиналып сүйікті ұлдарын аза тұтты.

Жұртшылық Денистің адамгершілік қасиеті мен тап-таза ниетіне ерекше тоқталып жатыр. Астанадағы бір мейрамхана иесі Денисті еске алу үшін үш күн бойы тұрғындарға ас беруді жөн көрген.

Андрей Пак, кәсіпкер:

- Өкінішке қарай, мен Дениспен таныса алмадым. Ерекше құрметтейтін едім. Ең бастысы, адамдық қасиеттен айырылмау керек. Бизнес ол - өткінші нәрсе. Әйелім екеуміз келісіп, тұрғындарды тамақтандырып, Денисті еске алып отырайық деп шештік.

Майра Биғазықызы, Астана тұрғыны:

- Денисті көпшілік жақсы көреді. Күллі Қазақстан, шетелдегілер де қолдап жатыр. Бәрі көңіл айтып жатыр. Сабыр тілеймін.

Әлеуметтік желі Денистің әріптестерінің көңіл айту жазбасына толы. Олар жүректерінің қайысып жатқандарын жазыпты. Тіпті Дениспен өте жақын араласқан Олимпиада чемпионы Алексей Ягудин ғаламтордағы жеке парақшасында жазба арнау кезінде көз жасын тоқтата алмады.

«Мұз үстінде құламаған алтынды, Қара жерде құлаттық...». Бұл қазақстандық ақындардың Денис Тенге арнаған жоқтауы.

Серік Сейітман, ақын:

- Тағдырыңды таңып берген пышаққа,

Біздің xалық шыныменен ұсақ па?!

Мұз үстінде ойнақтаған құлыншақ,

Қинадың-ау...

Сыймадың-ау құшаққа...

Олимпиада жүлдегері, белгілі мәнерлеп сырғанаушы Денис Тенмен қоштасу рәсімі ертең, шілденің 21-де, сағат 10:00-де Алматыдағы «Балуан Шолақ» атындағы спорт сарайында болады. Ал, Астанадағы «Барыс-Арена» спорт кешенінде тура сол уақытта Денис Тенді еске алуға арналған үлкен шара өтеді.



 

Сәуле АЛДАМҰРАТҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу