«Оскар» сыйлығының иегері Жюльет Бинош Астанада шеберлік сағатын өткізді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Оскар» сыйлығының иегері Жюльет Бинош Астанада шеберлік сағатын өткізді

27.06.2018

«Оскар» сыйлығының иегері, француз актрисасы Жюльет Бинош отандасымыз Самал Есләмованың өнерін жоғары бағалап, жетістігіне қуанышты екендігін білдірді. «Астана» ІІ Дүниежүзілік театр фестиваліне арнайы келген актриса Қазақстанды жақынырақ тану үшін тағы бір мәрте келуі мүмкін екендігін айтты. Ол сондай-ақ, еліміздің жастарын өнерге ынталандыру үшін шеберлік сағатын да өткізді.

«Оскар» сыйлығы мен Канн кинофестивалінің «Алтын пальма бұтағының» иегері Жюльет Бинош елордаға келді. Француз актрисасы «Астана» театр фестивалінің құрметті мейманы. Талантымен төрткүл дүниені тамсандырған Жюльет елордаға келе салысымен, шеберлік сағатын өткізді. Кино өнерінің қыр-сырымен бөлісіп, өзі сомдаған рөлдерін баяндап берді.

Тимур Урманчеев, «Қазақконцерт» МКҰ көркемдік жетекшісі:

- Бұл фестиваль мен талантты актрисаның шеберлік сағаты біздегі театр, кино саласының дамуына үлкен үлес қосады деп ойлаймын. Қазақстанның ірі өнер ұжымдары бір-бірімен тәжірибе алмасып, жаңа серпін пайда болады. Елімізде 50-ге жуық театр бар. Оларға шабыт сыйлайтын шараларды жиі ұйымдастырып тұру керек деп есептеймін.

Жюльет Бинош жиналғандарға әр туындыдағы әртүрлі кейіпкердің образына қалай кіру, оның бейнесін сәтті орындап шығуды түсіндіріп, режиссердің жұмысы жайлы әңгімеледі. Сондай-ақ, ол Орталық коммуникациялар қызметіне келіп, Қазақстан туралы ойымен бөлісті.

Жюльет Бинош, «Оскар» сыйлығының иегері:

- Қазақстан елімен, халқымен енді ғана танысып жатырмын. Алғашқы әсерім керемет. Кең дала, жүзі жарқын жандар, қонақжайлық, мені бәрі-бәрі қуантады. Келесі жолы келгенімде Қазақстан халқымен тереңірек танысуға уақытым болар деген үміттемін. Астана шаһарының өте ауқымды да, көрікті сәулеті барын көріп отырмын.

Жалпы, бұл фестиваль «Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен елордамыздың 20 жылдығын мерекелеу аясында өткізіліп жатыр. «Астана» театр фестивалі әлемдік театр ұжымдары өнер көрсететін мәдени ауқымды шараға айналды.

 

Азамат БЕЙБІТҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу