Елорданың 20 жылдығына орай тұңғыш рет халықаралық көркемсурет көрмесі ашылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елорданың 20 жылдығына орай тұңғыш рет халықаралық көркемсурет көрмесі ашылды

12.06.2018

Астана - Әлем суретшілерінің көзімен. Бүгін елорданың 20 жылдығына орай тұңғыш рет «Нұр келбетті Астана» деген тақырыппен халықаралық көркемсурет көрмесі ашылды. Мәдени шараға АҚШ, Еуропа, Бразиялия, Жапония сияқты 14 елдің ең үздік суретшілері қатысып, жас шаһарға арнаған туындыларын ұсынды. Шетелдіктер салған шебер суреттердің көрмесіне тілшіміз куә боп келді.

Әлемнің ең үздік суретшілері Астанаға келді. Арнайы экскурсияға қатысып, елорданың көрікті жерлерін аралады. Көзбен көрген көркем көріністерді жүрекжарды шығармаларына арқау етіп, суреттерді сөйлетті. Солардың бірі голландиялық суретші Димитрис Воязоглоу. Ол бұл өнермен 30 жылдан бері айналысады. Астанаға алғаш келген мәртебелі мейман шаһардың сәнді сәулетіне тамсанып, бір емес, төрт туындысын арнаған. 

Димитрис Воязоглоу, суретші:

- Мына бір суретті «Сұлу Астананы тамашалаған сұлу қыздар» деп атадым. Екеуі де әдемі үйлеседі. Суға қарап сырласып тұрған сәттерін елестеттім. Жалпы, елордаға тұңғыш келуім. Маған қатты ұнағаны, шаһардың тазалығы, адамдардың жылы жүзділігі және сәнді сәулеті. Сол себепті де, менің туындыларымда адамдар мен қаланың бейнесі салыстырмалы түрде ұштасқан.

Британиялық Александра Коннор, жапониялық, Акира Мурата, бразилиялық Жизель Улисс сынды әлемнің ең атақты суретшілері елорданың мәдени-тарихи тынысымен таныса отырып, үздік шығармаларын ұсынды. «Алтын уақыт», «Бәйтерек», «Түнгі Астана», «Сауық кеш». Көрмеге қойылған 60-қа жуық туындының тақырыбы да, мазмұны да әртүрлі. Тіпті, бейнелеу, көркемдеу тәсілдері де бір-біріне ұқсамайды. «Бұл отандық қылқалам шеберлеріне де үлкен тәжірибе», - дейді ұйымдастырушылар.

Сәбит Әбдіхалықов, «Нұр келбетті Астана» жобасының авторы:

- 250-ге жуық қылқалам шеберлері өздерінің туындыларын ұсынды. Астананы әлем суретшілері қылқалам арқылы қалай береді? Сол мақсатта осы фестивальді ұйымдастырдық.

Фестивальге қатысып, белсенділік танытқан ең үздік суретшілер Мәдениет және спорт министрлігінің алғыс хаттарымен марапатталды. Көрме бір айға жалғаспақ. Одан соң көркемсурет туындылары Ұлттық музейдің қорына табысталады.

 

Раушан САЙЛАУҚЫЗЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Play Market сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу