«Jambyl» телеарнасы - ақпараттың жаршысы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Jambyl» телеарнасы - ақпараттың жаршысы

20.03.2018

Қазақ телевизиясы дәуірінің басталғанына биыл - 60 жыл. Осы уақытқа дейін төріміздегі көк жәшік жедел ақпарат таратумен қатар, төрткүл дүниенің көзі, құлағы һәм тіліне айналып үлгерді. Телеарна кемелденген кезеңге жетіп, бүгінде абыз шаққа аяқ басты. Өңірде орын алған маңызды оқиғаларды көрерменге дер кезінде жеткізіп, хабар таратқан «Jambyl» филиалын мерейтоймен кішкентай көрермендер арнайы құттықтады.

Өнерлі балалар бүгін телеарна қызметкерлерін күмбірлеген күймен қарсы алып, ерекше көңіл-күй сыйлады. Телеарна ауласында сүйікті бағдарламаларының суретін салып, туындыларын сыйға тартты. Ақжарма тілектерін айтып, арнау өлеңдер оқыды.

60 жыл ішінде Ұлттық арна сан түрлі өзгерістерді бастан кешірді. Бәсекеге қабілетті, кез келген көрерменнің сұранысына сай өнім ұсынатын деңгейге жетті. «Jambyl» арнасы да заман ағымына орай жаңарып, 17 сағат хабар таратуға көшті. Ойын-сауықтық, саяси, танымдық, балаларға арналған түрлі бағдарламаларымен көрермен көңілінен шығып келеді.

Мүбарак Жинақбаева, Тараз қалалық Білім бөлімінің басшысы:

- Қазақтың төл арнасын мерейтойымен құттықтаймыз. Жаңалықтың жаршысы болған телеарна облыстағы барлық мәселелерді қозғап, көрермендерін қуантып келеді. Біз телеарнамен біргеміз.

Талай тарихи сәттер мен айтулы оқиғалар телеарна архивіне қатталды. Отандық телевизияның қара шаңырағында көптеген қазақ зиялысының қолтаңбасы қалды. Түрленген телеарна бүгінде өзге елдердің озық арналарымен бәсекеге қабілетті. Бірнеше онжылдықты артқа тастаған Ұлттық арна көзіқарақты көрерменін әлі талай тың дүниелерімен қуантары анық.

 

Г.ҚАЙРАТҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу