Шығыс Қазақстан облыстық  «Altai» телеарнасы биыл 60 жылдық мерейтойын атап өтеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шығыс Қазақстан облыстық  «Altai» телеарнасы биыл 60 жылдық мерейтойын атап өтеді

17.05.2018

Ұлттың айнасы болған Қазақ телевизиясының 60 жылдық мерейтойы бұл - тарихқа үңілу. Өткенге есеп беріп, болашаққа бағдар жасау. Телевизия тұтас қоғамды дамуға жетелеп, елдің санасын сілкінткен қуатты күшке айналды. Осы үрдістен жаңылмаған жаңалықтың жаршысы Шығыс Қазақстан облыстық телеарнасы биыл алпыс жылдық мерейтойын атап өтеді.

Қазақ телевизиясының алғашқы қарлығаштарының бірі - Шығыс Қазақстан облыстық теларанасы өзіндік дәстүрімен ерекшеленеді. Алпыс жылды артқа тастап, алға ұмтылған облыстық арна замана көшінен қалған емес. Көрерменнің талғамына сай, мазмұнды, озық дүниелерді ұсынып келеді. Заманауи технологияны пайдаланып, эфирді жоғары сапалы хабарлармен толтыру қолға алынды. Бүгінде телеарнаға жас толқын легі келді. Білімді, білікті мамандар телевизия саласының қыр-сырын меңгеруде.

Арнұр Шәкерхан, «Қазақстан» РТРК ШҚО филиалы «Altai» телеарнасының тілшісі:

- ШҚО телеарнасына келгеніме бір жыл болды. Дәл бір жыл бұрын осы жерде еңбек жолымды бастадым. Университетте жүргенде өз мамандығымды басқаша елестетіп едім. Қазір өмірім мүлдем өзгерді десе де болады.

Телеарна ұжымы бай тәжірибесімен мақтана алады. Айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызған ақпарат жаршысы өңірлердегі телеарналармен  де тығыз қарым-қатынас орнатқан. Жарты ғасырдан астам тарихы бар қазақ телевизиясы талай толқынды тәрбиеледі. Аға буынның үйретері, айтары көп. Сондықтан, «Altai» телеарнасы осы жолы ардагерлерге ерекше құрмет көрсетпек.

Аида Жабағиева, «Қазақстан» РТРК ШҚО филиалы «Altai» телеарнасының директоры: 

- Қазақ телевизиясының негізін қалаған ардагерлерсіз, олардың өнегесі мен өмірлік тәжірибесінсіз болашақ та жоқ. Қазіргі жастар соларға қарап бой түзеді. Сондықтан, алғашқылардың бірі болып құрылған «Altai» телеарнасының 60 жылдығы аясында ардагерлерімізді де ұлықтап жатырмыз.

«Қазақстан» РТРК ШҚО филиалы «Altai» телеарнасы Мемлекет басшысының қатысуымен өткен маңызды іс-шаралар мен аймақ үшін мәні зор дүниелерді тікелей эфирде жоғары деңгейде көрсетіп жүр. Кәсіби мамандар шоғырланған телеарна ұжымы ұлттың бет-бейнесін қалыптастырып, елдің дамуы үшін талмай еңбектене бермек.

Айдана ДАЙЫРОВА

«Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын AppStore және Play Market сервистерінен тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу