«Saryarqa» телеарнасына - 60 жыл - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Saryarqa» телеарнасына - 60 жыл

16.03.2018

«Saryarqa» арнасы «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасының аймақтардағы іргелі филиалдарының бірі. 1958 жылы 31-тамызда өндірісі өркендеген өңірде Қарағанды телестудиясы алғаш өз жұмысын бастады.

Арнаның тікелей эфирде шыққан алғашқы хабары кеншілердің кәсіби мерекесіне арналыпты. Содан бері облыс тұрғындарына тынымсыз қызмет етіп келе жатқан телеарнаның өткені мен бүгіні және болашаққа жоспары жайлы тілшіміз Руслан Нұрланұлы баяндайды.

Қазір телевидение жұмысы сандық технология жетістіктерімен атқарылады. Мысалы, флешкаға 3 сағаттық бейнежазба сияды. Ал, енді өткенге көз жүгіртсек. Алғашқыда міне осындай пленкалар қолданылған. Сырттай тым ұзын болғанымен, бұған тек 15 минуттық бейнежазба сиятын. Яғни, бір хабарды дайындау барысында режиссерлер ондаған пленканы алдын ала қарап шығуы тиіс еді.

60 жылдық тарихы бар облыстық «Saryarqa» телеарнасының құрметті ардагерлерінің бірі  Рымкеш Смағұлова. Кезінде режиссер болып жұмыс істеген. Өмірінің 40 жылға жуық уақытын осы қара шаңырақтағы қайнаған тірлікке арнады. «Ертеректегі телевизиялық хабарларды түсірудің, оларды монтаждап дайындаудың машақаты көп еді», - дейді ардагер.

Рымкеш Смағұлова, телеарна ардагері:

- Мынадай монтаж үстелі болады. Оның астында қазір үйде жанып тұрған жай шам, шамның үсті шынылы, сонда пленканы монтаждаймыз. Сосын монтажшыларға бөлек-бөлек жиыстырып береміз. Олар оны ұстарамен тазалап, желімдеп, сосын эфирге дайындаймыз.

Сол тұста телеарнаның бет-бейнесі болған дикторлардың еңбегі нағыз шеберлік еді. Бірнеше бет материалды жүргізуші алдымен жаттап, жадыда сақтап, содан кейін тікелей эфирде мүдірмей оқитын. Міне, осындай зердесі мен дауыс мәнері ерекше облыстық арна дикторлары Майра Ахметова, Ескендір Тиышмағанбетов, Галина Рахимова сынды таланттар қалың көреременнің көзайымына айналған еді.

Әли Тойжігітов, «Saryarqa» телеарнасының бас редакторы:

- Қазіргідей емес, экранның алдында суфлерден оқып бере салатын. Әсіресе, жаңалықтар кезінде әрбір диктор сол мәтінді жатқа айтуға тырысты. Талап өте жоғары болды.

Бүгінде осынау жақсылар мен жайсаңдар салған сара жолмен талантты жастар келеді желкілдеп. Олар ұсынған түрлі тақырыптағы хабарлар көреремен көңілінен шығып, республикалық байқауларда топ жарып жүр. 60 жылдықтың асуына телеарна ұжымы «Saryarqa» деген жаңаша атаумен аяқ басты. Телестудияның материалдық-техникалық базасы заманауи жабдықтармен толығып, жыл өткен сайын танымастай өзгеріп келеді.

 

Руслан НҰРЛАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу