Таспаға таңбаланған тарих 1987-1997 жылдары. Қазақ телевизиясы әр кез қоғамда болып жатқан өзгерістерді қалт жібермей қарап, қадағалап отырды.
1987 жыл. Коммунисттік партия дәуірі өтіп, «Қайта құру» саясаты биік мінберден айтыла бастаған кез. Ұзақ мерзімді жоспарлаудың орнына мемлекеттік тапсырыстар жүйесі енгізілді. Алайда, бұл шара қоғамның саяси құрылымын жаңартпайынша, іске асуы екі талай еді.
1988 жыл. Дүкен сөрелерінен күнделікті тұтынатын тауарлар жоғалып, азық-түлік тапшылығы анық сезіле бастады. Есесіне, демократияландыру мен жариялылық секілді ұрандар жиі айтылатын. Бұл үрдіс 1991 жылға дейін жалғасты.
Ал, 1991 жыл тек Қазақстан ғана емес, күллі Кеңес одағына мүше елдер үшін тағдырлы жыл болды. Осы жылы жер шарындағы ең үлкен мемлекет Кеңес одағының керегесі сөгілді. 1-желтоқсанда Қазақ КСР-інің Президенті болып Н.Ә.Назарбаев сайланды. Тәуелсіздіктің таңы атқан тұста алыс-жуықтағы қазақтар тарихи отанына көштің басын бұрды. 17-желтоқсанда Алматыдағы Орталық алаңда Қазақстан Республикасының мемлекеттік Тәуелсіздігі жарияланды.
Осы жылдың тағы бір айшықты оқиғасы - Тоқтар Әубәкіровтің ғарышқа ұшуы. Бұл Қазақ баласының тұңғыш ғарышқа қанат қағуы еді. Міне, осы оқиғалардың бірде-бірі отандық телевизияның назарынан тыс қалған емес. Ақпарат айдынына отандық телевизияның қарлығашы «Шарайна» бағдарламасы шықты.
1992 жылдың 2-наурызында Қазақстан БҰҰ-ның мүшесі атанды. Сол жылы Қазақстанның мемлекеттік рәміздері туралы заңдары бекіді. Алматыда Дүниежүзі қазақтарының тұңғыш Құрылтайы өтті.
Ал, келер жылдың 28-қаңтарында Қазақстанның тұңғыш Конституциясы қабылданды. Қазақ тілі ресми түрде мемлекеттік тіл деп танылды. Сол жылы төл теңгеміз айналымға енді.
1994 жыл - қуаты жағынан әлемде төртінші орында тұрған ядролық қарудан Қазақ елі өз еркімен бас тартып, жер жүзіне бейбітсүйгіш ел ретінде танылды.
1995 жылдың 30-тамызында қазіргі қолданыстағы ҚР Конституциясы қабылданды. Бұл жыл Абай жылы ретінде де есте қалды. Туған жері Семейде ұлы ойшылдың 150 жылдық мерейтойы аталып өтті.
1996 жылы қазақстандықтар жаңалықтардан жаңа интеграциялық бірлестік - Шанхай бестігі туралы ести бастады. 26-сәуір Шанхайда Қазақстан, Қырғызстан, Қытай, Ресей және Тәжікстан шекара аймағындағы әскери саладағы сенімді нығайту туралы келісімге қол қойды.
1997 жыл «Қазақстан-2030» стратегиясы - ұлттың ұлы мақсаттары межеленген жыл». 10 желтоқсан - Қазақстан Республикасының астанасын Алматы қаласынан Ақмола қаласына көшіру туралы Жарлыққа қол қойылды. Сол күні Қазақстанның Мемлекеттік Туы, Елтаңбасы, Президенттің штандарты жаңа астанаға жеткізілді. Осы сәттен бастап елорда жүрегі Сарыарқа төрінде соға бастады.
Ғабит БӨКЕНБАЙ