Телеарналар бір мезетте барлық қалада ашылған жоқ. Алғаш Алматыда Қазақ телевизиясының қабырғасы қаланған соң, 1958 жылы тура 16-наурыз күні Өскемендегі телестудия да хабар тарата бастады. Іле-шала 31 тамыз күні Қарағандыда, 1959 жылы – Жезқазғанда, 1960 жылы – Петропавл мен Ақтөбеде облыстық студиялар ашылды. 1964 жылы – Орал мен Целиноградта, 1 жылдан соң 1965 жылы – Семей мен Павлодарда, 70-ші жылы Ақтауда жергілікті телеарналардың іргетасы қаланды. Тәуелсіздік таңы атқан тұста Жамбыл, Шымкент, Атырау, Қостанай, Қызылорда, Көкшетау секілді сол кездегі 19 облыс орталығының бәрінде толық телестудиялар ашылып болды. Маманның аздығы, техника тапшылығы, студия тарлығы Қазақ телевизиясын қалыптастыруға еш кедергі келтірмеді. Телеарна тарландары тәуекел етіп, барын салып жұмыс істеді. Алғашқы хабарлар әр аймақтың әлеуметтік-мәдени, шаруашылық өмірін тасқа басты. Бастапқыда шығарылымға фотосуреттер қолданылды. Кейін оларды кинотаспалар өнімі алмастырды. Бүгінде облыстық арналар – әр аймақтың айнасына айналды. Хабар тарату уақыты 18 сағатқа жетті. Жаңа маусымда 100-ден аса жаңа жоба ұсынды. Бүгінде бағдарламалардың 65-80 пайызы – телеарналардың төл өнімі. «Qazaqstan» Ұлттық арнасының филиалдары телевизия мамандарын даярлайтын ұстахана десек те болады. Осылайша, 14 облыстағы шағын отаулар жер-жерден хабар таратып, өңір тынысын бұқараға жеткізіп келеді.
Ардақ МҰРАТҚЫЗЫ