Қазақ телевизиясына – 60 жыл. Семейдегі телестудияның жарты ғасырдан астам тарихы бар - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақ телевизиясына – 60 жыл. Семейдегі телестудияның жарты ғасырдан астам тарихы бар

12.03.2018

Қазақ телевизиясы 60 жылда халқымыздың ақпараттық, рухани қажетін өтеп отырған қуатты күшке айналды. Қара шаңырақтың дамуына бірнеше ұрпақ үлес қосты. Ізденістен жалықпаған ұжым мүшелері шығармашылық жолдың талай белесін бағындырды. Ұлттық арнаның аймақтардағы филиалдары бұл үрдісті жемісті жалғастырып келеді. Елімізде төртінші болып ашылған Семейдегі телестудияның жарты ғасырдан астам тарихы бар. Ұлылар мекенінің ақпарат жаршысына айналған арна өзінің бай тәжірибесімен және телевизия саласындағы ерекше дәстүрімен мақтана алады.

Семейдегі телестудия 1965 жылы алғашқы хабарын эфирге шығарды. Ол кезде «айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызған» дәл осындай телевизия Алматыда, Қарағандыда және Өскеменде ғана болатын.

Зульфия Омарова - Семейден шыққан тұңғыш диктор. Өрімдей қыз телевизия саласына небәрі 17 жасында келген. Жаңалықтардан бастап, түрлі бағдарламаларды жүргізу, елге танымал тұлғалардан сұхбат алуды телеарна басшылығы дикторға сеніммен тапсырды.

Зульфия Омарова, Қазақ телевизиясының ардагері, диктор:

- Керемет сырлы, ғажап әлемге кіріп кеттім. Содан қайтып шыға алмадым десе де болады. Осы қара шаңырақта тәрбиелендім, өстім. Бұл жерде талай тамаша адамдармен жүздестім. Ол өмір мектебі. Мен оған қуанбасам, ренжімеймін. Содан шыңдалып, өстім.

Семейдегі телеарна ұжымы ардагерлерін ерекше құрметтейді. Олармен жиі кездесіп, ақыл-кеңес сұрауды жақсы дәстүрге айналдырған. Тәжірибесімен бөлісуден еш жалықпайтындардың бірі - тоқсанның төріне шыққан ардагер журналист Тұрсынғали Молдағалиұлы. Зейнеткер студияның іргесін қалағандардың бірі. Семейде ана тіліндегі бағдарламалардың санын арттырып, қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтуге өлшеусіз үлес қосты.

Тұрсынғали Молдағалиұлы, Қазақ телевизиясының ардагері:

- Телевизия - адамды тәрбиелейтін ең үлкен құрал. Қазір көркейді, өсті. Қоғамдық салаға көмектессе, көркемдік дүниелерді халыққа жеткізіп отырса. Тек қана шығармашылық ізденіс керек. Ізденіс бар жерде, әрқашан табыс болады.

Сол ізденістің жолында Семейдегі телеарна ұжымы талмай еңбектеніп келеді. Телестудия тәулігіне 14 сағатқа жуық хабар таратады. Бағдарламалар мен жобалардың әрқайсысы өзінің бірегейлігімен, сан-алуан тақырып пен өзектілігімен ерекшеленеді. Қазір ерекше болмыс пен қазақы қалып, ұлттық нақыш пен игі дәстүр әр үйдің төрінде.

Ақпарат кеңістігінде өзіндік орны бар телеарна өңіріміздегі айтулы оқиғалар мен әр саланы қамтыған жаңалықтарды, өзекті мәселелер мен ұтымды пікірлерді уақытылы қамтып, көрермен назарына ұсынып келеді. Біліктілік пен ерік-жігердің үйлесімділігі зор жетістіктің құпиясы болса керек.

 

Дарын САҒИТОВ

Хабарламаларға жазылу