Журналист Бибігүл Мәтенованың жарқын бейнесі соңынан ерген ізбасарларының мәңгі жадында - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Журналист Бибігүл Мәтенованың жарқын бейнесі соңынан ерген ізбасарларының мәңгі жадында

27.02.2018

Осыдан жарты ғасыр бұрын әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық  университетінің журналистика факультетінде білім алған жастар Бибігүл Мәтенова деген есімді жақсы біледі. Жас болса да үлкен-кіші оны  «Би апа» атады. Себебі, Сырдың сырбаз қызы ауылдан арман қуып Алматыға келген 16-17-дегі бозбала-бойжеткендерге шексіз қамқорлық көрсетіп, қолтықтан демеп, жаңа өмірге жол сілтеді.  Бірақ, Бибігүлді ажал арамыздан ерте алып кетті. Егер тірі болғанда бүгін ол 70-ке толар еді.

Ол өзін емес, өзгені ойлады. Тек өзінің қатарластарына емес,  университеттің өзге де студенттеріне әрдайым  қамқорлық танытатын. Ерекше мейірімді, жүрегі кең, көңілі дария жанды жастар Би апа деп атады.

Мылтықбай Ерімбетов, ақын:

- Студент болған соң ашқұрсақ жүресің, бөлмеге кіргізіп, бізге тамақ беретін. Содан шүлдірлеп тауықтың балапандары құсап, тамақ жеп отырғанда, «жеңдер, жеңдер,  студентсіңдер ғой» дейтін еді. Бұл кісі тұла бойы жақсылықтан жаратылған адам еді, қалтасы айналайынға толы.

Бибігүл Мәтенова жоғары оқу орнын аяқтағаннан кейін Қазақ радиосының шетелге хабар тарататын редакциясында еңбек етті. Ұлттық рухы мықты журналист ол кезде рұқсат болмаса да, қазақ тілі мен ұлт дәстүрін, дін жайын астыртын қозғап, көпшіліктің көкейіндегісін дөп басты.

Шетелдегі ағайын Бибігүлдің хабарын асыға күтетін, сол арқылы туған елге деген сағынышын жеткізіп, мауқын басатын. Қиырдағы қазақтардың оралу идеясын жүзеге асыруға мұрындық болды. Сұлу Сырда туып, ару Алматыда білім алып, еңбек еткен Би апа  ұлттың мақтанышына айналды. Небәрі 41 жасында өмірден озса да, оның жарқын бейнесі соңынан ерген ізбасарларының мәңгі жадында. 

Ақерке БЕРІКБЕКҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу